Елімізде мобильді бопсалау күшейіп тұр
Соңғы алты айда Қазақстан әлем бойынша мобильді бопсалаушылардың шабуылына ұшыраған мемлекеттердің арасында екінші орында келеді. Хакерлерден зардап шеккендердің қатарында қарапайым азаматтармен қатар, ірі банктер мен мемлекеттік компаниялар да бар.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 22 жастағы Алматы тұрғынын ұстады. Интернет-алаяқ әлеуметтік желі қолданушыларына ірі көлемде ақша ұттыңыз деп алдап келген.
Әлия Бакимбаева, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің өкілі:
- Парақшасына ақшаның суреттерін қойған. Ал сөзі өтімді болуы үшін интернеттен тауып алған өзге бір азаматтың жеке куәлігінің суретін салады. Бірақ қомақты ұтысты алу үшін жәбірленушілерден бірінші төлем жасауды талап еткен. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұл – интернеттегі алаяқтықтың қарабайыр тәсілі. Іс жүзінде бұдан да күрделі түрлері кездеседі. Мысалы киберқылмыскерлер компьютерлік бағдарламаның әлсіз тұсын тапқан соң зиянкес кодты жібереді. Әккі хакер аккаунт немесе мәліметтер базасын санаулы минутта, тіпті бірнеше секундта бұза алады. Содан соң ақшаңызды жымқырады. Ал есепшотыңыз бос болса сіз туралы жеке мәліметтерді жариялаймын деп қорқытады.
Мейрам Буратаев, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық компанияның өкілі:
- Қазіргі уақытта хакерлер таратып отырған зиянкес код автоматты режимде жұмыс істей береді. Оны арнайы қосудың еш қажеттілігі жоқ. Ең бастысы зиянкес кодты компьютерге немесе смартфонға жеткізсеңіз болғаны.
Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер бизнесті де нысанаға алған. «Кибершабуыл сәтті жасалса, хакерлер жүздеген мың доллардан бастап миллиардтаған долларға дейін ұрлауы мүмкін», – дейді сарапшылар.
Мейрам Буратаев, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық компанияның өкілі:
- Соңғы жылда елімізде өте ірі кибершабуылдар жасалды. Белгілі себептерге байланысты ол жайында егжей-тегжей айтып беруге менің құқым жоқ. Шабуылға тап болғандардың қатарында ірі банктер, мемлекеттік компаниялар мен операторлар бар. Бұл компаниялардың барлығы да ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөледі. Бірақ қандай қорғаныс болмасын хакерлер оны айналып өтудің амалын табуда.
Қазақстанда смартфон қолданушылардың саны жыл санап артып келеді. Елімізде мобильді бопсалаудың жиілей түскені де сондықтан. Хакерлердің құрығына түспеудің бір амалы – жеке мәліметтеріңізді бөтен адамдарға бермеу, күмәнді хабарламаларға сақтықпен қарау. Бала жыласа смартфон ұстата салу әдетке айналды. Ол да қауіпті. Өйткені балаңыз хакерлер жіберген хатты аша салса, маңдай термен тапқан ақшаңыздан қағылуыңыз әбден мүмкін.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов