«Серпін-2050» жастарды жұмыспен қамту бағдарламасына 5 жыл толды
Мемлекеттің қамқорлығын көрген жастардың барлығы еңбекпен қамтылды. Осы айда серпіндіктердің тағы бір легі жоғары оқу орындарын тәмамдады.
Бағдарлама қатысушылары 17 мамандық бойынша білім алып, жұмыспен қамтылуда. Павлодар облысына келген жастардың басым бөлігі Түркістан облысынан. Көбі осы өңірде қалып, еңбек етуге дайын. Демек, бағдарлама көздеген мақсат орындалды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті – «Серпін» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі. Былтырғы жылы 134 студент дипломдарын қолдарына алған. Ал тағы 154 жас маман иесі атанбақ. Айта кетейік, қазіргі таңда бұл бағдарлама шеңберінде университетте 600-ден астам ұл-қыз білім алуда. Олардың басым бөлігі Ертіс өңірінде тұрақтап қалуды көздейді.
Ғабит Хафиз, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті Жастар саясаты департаментінің директоры:
- Балалар ерекше, өте еңбекқор. Оқуын оқи жүре, одан да бөлек өздерінің қажеттілігіне жарайтындай қосымша еңбектерін тауып, осы қалада сіңісіп, өмір сүріп жатыр.
Сондай еңбекқор жастардың бірі – Дәурен Ергашев. Болашақ инженер көпбалалы отбасының үлкені екен. Ата-анасына ауыртпалық түсірмеу үшін жаз бойы нәпақа табуды көздейді.
Дәурен Ергашев, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:
- Павлодар өңіріне келген себебім: Түркістан облысында оқуға түсу қиын және жұмыс көзі тапшы. Павлодар өңірінде жұмыс жетерлік, зауыт та көп. Жұмысқа тұру қиын емес.
Ал Павлодар мемлекеттік университетінде 550 серпіндік оқиды. Шымкенттік Әдемі Қаныбек бірнеше күннен кейін дипломдық жобасын қорғауға дайындалуда. Жұмысы да дайын тұр.
Әдемі Қаныбек, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:
- Төрт жыл бойы тәжірибеден өткен құбыр жасау зауытына жұмысқа тұруға ниеттімін. Мен ол зауытта бақылаушы боламын. Шыққан өнімнің сапасына жауап беремін, тексеріс жүргіземін.
Олар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Жатақханамен қамтылып, өзге де жеңілдіктер көп.
Бағдәулет Болат, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті:
- Мынау біздің жатақханамыз. Осында үш бала тұрамыз. Біздің жатақханамызда барлық жағдай жасалған. Жоғарғы қабаттарда асхана, оқу залдары және компьютерлік залдар бар. Біз «Серпін» бағдарламасы бойынша жұмысқа да орналастық. Алюминий шығаратын зауытта жұмыс істеп жатырмыз.
Аймақтағы үш жоғары оқу орны және колледж – «Серпін» бағдарламасының қатысушысы. Оның шеңберінде елімізде 15 мыңнан астам студент оқып жатыр.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков