Тобыл өңірінде «Кировец» тракторы шығарыла бастайды
Оның ішінде ішкі инвестиция екі есеге өскендігін айта кеткен жөн. Бұрын-соңды өндіріске осынша қаржы салынбаған. Бұған дейін Тобыл өңірінде комбайн, «Беларус» тракторлары шығарылып келсе, енді биыл ол қатарға «Кировец» қосылады.
Қостанайда жеңіл автокөліктерден тыс, ауылшаруашылық техникаларының өндірісі дамып келеді. Былтыр индустриалдық аймақта «Беларус» тракторларын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобаның құны 15 млрд теңгені құрайды. Төрт-бес айдың ішінде жаңа зауытта жүзден астам трактор құрастырылды. Мұнда жұмыс істейтіндердің дені жастар екен.
Үсен Тұраров, слесарь:
- Алтыншы постта алдыңғы, артқы дөңгелектерді саламыз. Сосын ступица, кронштейн салып, эстакадаға жібереміз. Күнде үйренеміз, сұраймыз. Бір сұрақ болса, бірден бригадирге айтамыз.
Зауытта әзірге ірі бөлшектері құрастырылады. Жақында ғана жұмысын бастаған кәсіпорынның әлі аяғынан тік тұрып кете қоймағаны түсінікті. Алайда алдағы мақсат – анық, міндет – айқын.
Виталий Хмелевской, трактор зауытының өндірістік директоры:
- Өзімізде капот, кабина, қанаттарын жасайтын қосымша цехтар ашу жоспарланып отыр. Сөйтіп өндірістің отандық үлесін 50% жеткіземіз. Екі ауысымда жұмыс істеп, жылына 3 мың трактор шығаратын боламыз.
Таяуда Қазақстан мен Ресейдің Үкімет басшылары бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар келісімге қол қойғаны мәлім. Соның ішінде Қостанайда «Кировец» тракторларын шығару бастамасы іргелі жобалардың бірі болатын. Алдағы қазан айында іске қосылуы тиіс жаңа желі бойында жылына 500-ден 700-ге дейін алып трактор құрастырылады.
Ерлан Қойшыбаев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
- Екінші ірі жоба – камаз көлігінің құрал-жабдықтарын шығару. Бұл үш кезеңнен тұрады. Алғашқыда жетекші белдемнің қозғалыс берілгіші, одан кейін тежегіш қалыбы,орындық, қажетті пластик бұйымдары бізде өндірілетін болады.
Қазіргі кезде Қостанай облысында 40 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Олардың жалпы құны 2 трлн теңгеден астам және сол жобалардың жартысы шетелдік инвестиция еншісінде.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг