Мақтааралдық диқандар Ресейге 500 тонна қауын экспорттады
Тұтынушыларға бүгінге дейін 500 тонна сары қауын жеткізді. 10 жылдан бері қауын егумен айналысатын Нұржан Асауов биыл 40 гектарға тұқым тастаған. 20 гектарына жергілікті сұрып, қалғанына алғаш рет голландиялық «доккара» тұқымын екті. «Жергілікті қауын гектарына 20 тонна, ал голландиялық түрі 50 тоннаға дейін өнім береді», – дейді. Биыл аудан шаруалары 10 мың гектар қауын, 1500 гектар қарбыз еккен.
Нұржан Асауов, шаруашылық жетекшісі:
- Бұл қауынның түрі суды көбірек қажет етеді. Тамшылатып суғаратын болса, өнімді көп береді. Басқа қауындар 70-80 күнде піссе, бұл 50-55 күнде дайын болады. Дәмі өте дәмді.
Өсер Мырзамданов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданында піседі. Бұл – ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің пікірі. Бұған маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиеген жүк көліктері дәлел. ТМД елдері мен Түркия, Грекия елдеріне жол тартады. Қазірдің өзінде 500 тонна қауын Ресейге экспортталып үлгерді.