Шымкентте газ құю бекетіндегі жарылыс салдарынан бір адам зардап шекті
Бұл жөнінде облыстық аурухананың дәрігерлері мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, 7 маусым күні сағат 11 шамасында Шымкентте Жібек жолы даңғылының бойындағы авто-газ құю бекетінде жарылыс болып, салдарынан бір адам зардап шекті. Қызыл жалын 12:21-де ауыздықталып, 12:50-де толық сөндірілді. Зардап шеккен 1999 жылғы жігіт жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Жарылыс газ құю бекеттерінің бірінде қазандықтың түбінде қалған сұйықтықтың өртенуі салдарынан болған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында көп адам аман қалды. Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының І тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір материалдық шығын көлемі анықталуда.
Нұрболат Дербісов, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
- Өрт кезінде сол жерде 7 текше метрлік 2 автоцистерна жарылды. Сосын 50 текше метрлік 2 автоцистерна, 4 техника жарылды. Өрт сөндіруге Шымкент қаласының ТЖД-нің 90 қызметкері мен 21 техникасы жұмылдырылды.
Мәдина Ермаханбетова, жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері:
- Бізге келген кезде науқастың жағдайы өте ауыр болуына байланысты дәрігерлер консилиумы шақырылып, науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда ем қабылдап жатыр. Оған қажетті дәрі-дәрмекпен 100% жабдықталғанбыз.