Жетісулық кәсіпкер ауыл тұрғындарына 5 баспананы сыйға тартты
Тұрғындар жазиралы жаздың алғашқы айын жаңа үйде жадыраған көңіл-күймен қарсы алды.
Жеті санын қазақ халқы кие тұтып, қасиетті санайды. Ақтерек ауылының тұрғындары үшін де жетімен байланысты күндер жетістік пен қуаныштың белгісіндей. Бұған дейін 7 мамыр күні 5 отбасы баспаналы болды. Бұл жолы да 7 маусымда 5 адамға сыры кеппеген жаңа баспана кілттері салтанатты жағдайда табысталды.
Айдос Сайлыбаев, ауыл тұрғыны:
- Көпбалалы отбасы деп сол кісі үй салып беріп жатыр. Темірлан ағамызға рахмет айтамыз. Көпшілікке көріп отырғандарыңыздай мынандай үй салып беруде. Еңбегіміздің жемісі шығар.
Бұл үйлерді «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов салдырған. Әр үй бес бөлмелі. Ішінде ауызсу тартылып, жуынатын бөлме де жасалынған. Үйлер көпбалалы отбасыларға, жас жанұя мен Ауған соғысының ардагеріне берілді.
Ауғанбай Әбдіхалықов, Ауған соғысының ардагері:
- Жастар қалаға жұмыс іздеп сабылып кетпейді. Осы ауылда бәріне жұмыс бар. Өзіміз де осы ауылда қызмет істейміз. Істеймін деген адамға жақсы жұмыстар бар. Бұл жерде тіршілік деген жетеді.
Жалпы Темірлан Шайнүсіпов соңғы 10 жылда ауылда 100-ден артық үй салды. Олар қожалықта жұмыс істейтін үздік жұмысшыларға берілді. Әлі де берілмек. Алдағы уақытта 40 баспана салу жоспары бар. Бұдан бөлек кәсіпкер 50 балаға арналған балабақша ашты. Балабақшадағы тәрбиелік әдістеме, ішкі жабдықталуы қаладағыдан еш кем емес. 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Сонымен бірге жастарға арналған демалыс орны мен стадион бар. Қазір «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында ауылда саябақ құрылысы жүргізіліп жатыр.
Темірлан Шайнүсіпов, Алматы облысының құрметті азаматы:
- Жалпы ауылдың өзінде қазір 22-дей үй салынып қалды. Ауылымыз көркейіп келе жатқанына қуанамыз. Үкімет те көмектесіп жатыр. Көшелерге жарық түсірді. Бюджеттің ақшасына үйлерге су жүргізіп берді. Мемлекеттік нысанның барлығы күрделі жөндеуден өтті. Енді ауыл ішінде жол ғана қалды. Жол жасалып, газ орнатылса біздің ауыл қаладан кем болмайды.
Өткен жылы жергілікті бюджеттен 140 млн теңге бөлініп Ақтерек ауылының 5 көшесіне күн сәулесінен қуат алатын шамдар, шам бағаналары орнатылды. Енді 2020 жылға дейін ауылға газ құбырын тарту жоспарланып отыр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Қанат Қаматаев