Хабар телеарнасы

Шымкентте 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам сайлауға қатысады

Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, уақытша қамауда отырған азаматтар да бар. Дүйім жұрттың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Бұл ретте халықаралық байқаушылар жоғары бағасын берді.

Миллионды шаһарда 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам сайлауға қатысады

Шымкенттегі 260 сайлау учаскесінде 570 мыңға жуық адам дауыс береді. Сайлауға қатысатын азаматтардың 30 мыңға жуығы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың басым бөлігі дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне арнайы баруды ұйғарыпты. Мұнда оларға қолайлы жағдай жасалған.

Ләззат Тілеубекова, қала тұрғыны:

- Сайлау біз үшін маңызды мереке деп те айтуға болады. Бұрынғы сайлауға қарағанда ерекшелігін мен көріп отырмын. Мүмкіншілігі шектеулі жандарға ерекше жағдай жасалғандығын көріп отырмын.Жеке кабиналар қойылып, онда керекті құрал-жабдықтармен жабдықталғанын көріп отырмыз. Біз мұндай жағдай жасалғанына рахмет айтамыз.

Айбала Қалдарбек, қала тұрғыны:

- Жақсы.Барлығы ойдағыдай.

Петропавлда тергеліп жатқан азаматтар дауыс берді

Петропавл қаласындағы тергеу изоляторында отырған азаматтар да өз таңдауын жасады. Саяси науқанға барлығы 112 күдікті қатысты. Сотқа дейінгі абақтыда ұрлық, есірткі саудасы, адам өлтіру секілді ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тергеліп жатқандар отыр.

Данияр Харіпов, СҚО бойынша ҚАЖД ЕС 164/1 мекемесінің бастығы:

- Біздің мекемеде жабық сайлау учаскесі ұйымдастырылған. ҚР сайлау заңына сәйкес дауысын тек қана сот үкімдері заңды күшіне енбеген адамдар дауыс бере алады.

Халықаралық байқаушылар жоғары бағасын берді

Ал Ертіс өңірінде сайлау 543 учаскеде жүріп жатыр. Оның ішінде 298-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі уақытта тұрғындардың белсенділігі жоғары. Мәселен, бұл сайлау учаскесінде 2 200-ден астам дауыс беруші тіркелген. Халықаралық ұйым мүшелері сайлаушыларға көрсетілген сый-құрметті тілге тиек етті.

Ольга Благо, халықаралық байқаушы:

- Біз сайлау учаскелері мен сайлау комиссияларының жұмысымен танысып шықтық. Кез келген учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы құралдар орнатылған. Бұл - азаматтарға деген сый құрметтің белгісі. Арбаға таңылған тұлғалар, көзі нашар көретін азаматтар үшін аранайы кабиналар жасақталған.

БҚО-да өңірде 461 мың тұрғын сайлауға қатыспақ

Биылғы жылдың басты саяси оқиғасы саналатын сайлауға батысқазақстандықтар да бейжай қарамайды. Өңірде таңғы 07:00-де 519 сайлау учаскесінің есігі айқара ашылды. Яғни 461 482 сайлаушы өз таңдауын жасай алады.

Аяулым Талапова, қала тұрғыны:

- Өте қуаныштымын. Себебі менің туған күнім сайлау күнімен сәйкес келіп тұр. Бұл – ең алғаш рет дауыс беруім. Бүкіл халық болып, ел болып сайлаймыз. Біз, жастар еліміздің әрі қарай дамуына үлкен үлес қосамыз деген ниеттемін.

Авторы: Мерей Қалиасқар