Елбасы саяси науқанда белсенділік танытып, өз таңдауын жасады
Тұңғыш Президент сайлаудың ел үшін ерекше маңыздылығын атап, сәтті өтуіне тілектес екендігін айтты. Аталған сайлау учаскесінің төрайымы Қымбат Іргебаеваның сөзінше, учаскеде 3 417 сайлаушы тіркелген.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күнді «тарихи күн»деп бағалады. Шынымен, бұл сайлаудың мәнісі ерек әрі ол халық үшін керек. Тұңғыш Президент сайлаудың сәтті өтуін және бұл таңдаудың қазақ үшін құтты болуын тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Бүгін барлық Қазақстан халқы Президент сайлауына қатысып жатыр. Әр уақытта әрбір елде осындай сайлау халық үшін, ел үшін тарихи шешім болып саналады. Ел халқы сайлау учаскелеріне келіп өзінің болашағына таңдау жасайды. Ел аман болуын, еліміз өркендеп өсе беруін, әрбір отбасыда жақсылық болғанын тілейміз. Өздеріңіз білесіздер, мен өкілеттігімді тоқтатып, келесі буынға жол бердім. Оны дұрыс шешім деп білемін. Атап айтқанда, бұл шешімді бүкіл дүниежүзі қолдап жатыр. Сондықтан бүгінгі сайлау сәтті өтсін, құтты болсын!
Демалыс күніне қарамастан, бас қала тұрғындары бүгін белсенді. Таңсәріден келіп, дауыс беріп жатқандардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Бұл үрдісті бірі тыныштық үшін десе, бірі экономикалық даму үшін қажет дейді. Бірақ бәрінің таңдауы ортақ: ол – баянды болашақ.
Гүлжан Тәжібаева, қала тұрғыны:
- Болашақ Президентіміз елімізді ойлайтын, еліміздің жарқын болашағына жұмыс істейтін, сенімімізді ақтайтын кісі болса екен деген тілектеміз.
Данияр Елеусінов, Олимпиада чемпионы:
- Әрбір қазақстандық келіп дауыс беруі тиіс деп санаймын. Бұл – елдің болашағын шешетін қадам.
Таңғы сағат 07:00-ден бастап сайлаушыларды қабылдап жатқан №58 сайлау учаскесіне күндізгі сағат 11:00-ге дейін 500-дей адам конституциялық құқығын пайдаланып дауыс берген. Елдегі әрі шеттегі сайлау учаскелері кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков