Қарағанды өңірі бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 900 мыңнан асады
Осы сағатқа келіп түскен мәліметтер бойынша аймақ тұрғындарының тең жартысына жуығы дауыс беріп үлгерген. Саяси науқанның әділ әрі заң шеңберінде өтуін 1 мыңға жуық байқаушы мұқият қадағалап отыр.
Майқұдық ауданындағы №65 мектепте кезінде Геннадий Головкин оқыған. Ал бүгін мұнда екі бірдей сайлау учаскесі орналастырылды. Таңмен таласа тұрып, дауыс беруге келген тұрғындар өз таңдауын жасап қана қоймай, спорт залға қойылған үлкен экраннан боксты тамашалады.
Ырысты Байдәулетова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Головкин сияқты сайлауда да мықты жеңіске жетсін деп отырмын. Қазақстанымыздың туы көкке желбіресін. Сол үшін таң атпай келіп отырмын.
Алма Тұяқова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Бүгінгі күн ерекше, маңызды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, келер ұрпақ әрқашан да бейбіт күннің астында, жарқыраған заманда өмір сүрсе екен деген ниетпен дауысымды беріп тұрмын.
Қарағанды облысы бойынша тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 900 мыңнан асады. Таңғы сағат 07:00-ден бастап өңірдегі барлық 787 сайлау учаскесінде халық белсенді дауыс беріп жатыр. Саяси науқанның заң шеңберінде өтуін үміткерлердің сенімді өкілдері мен халықаралық байқаушылар мұқият қадағалап отыр.
Ерқара Аймағанбетов, Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы
- Облыс бойынша әрбір учаскелік комиссияда байқаушылар отыр. Халықаралық ұйымдардан, ТМД ұйымдарынан. Қазір дауыс берушілер белсенді. Облыстық сайлау комиссиясына ешқандай шағым, өтініш түскен жоқ.
Барлық учаскеде сайлау мерекелік сипатта өтіп жатыр. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, ірі сайлау учаскелерінде жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ қала ішіне қатынайтын автобустардың барлығы тегін қызмет көрсетуде.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков