Жамбыл облысында сайлау күні мыңға тарта волонтер тартылды
Жамбылдықтардың күні қалай өтті? Халықтың белсенділігі қалай?
Руслан Әбдуәлиев, тілші:
- Сайлаушылар аса белсенді болды. Таңғы сағат 07:00-де ашылған сайлау учаскелері «өз таңдауымды жасаймын» деушілерді бірінші минуттан бастап қабылдады. Біз де барлық ақпаратты сәт сайын жинап отыруға тырыстық. Міне қазір тура 20 минуттан кейін аймақтағы дауыс беру уақытының аяқталғандығы жөнінде ресми жарияланады.
Бірақ келушілер әлі де бар. Біз қазір №464 сайлау учаскесінде тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай сайлаушылар қатары сиреп қалған. Бұл – заңды құбылыс. Жалпы осы учаскеде 3 мыңға жуық адам тіркелген. Азаматтардың дені түске дейін дауыс берді. Ал келмегендер негізінен өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандар. Өңірде мұндай 5 мыңнан астам адам тіркелген. Олар үшін арнайы жылжымалы сайлау учаскелері ұйымдастырылып, үйлеріне комиссия мүшелерінің өздері барды. Жалпы сайлау күні мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдарға жәрдемдесуге 1000-ға тарта волонтер тартылды. Облысқа сайлау кампаниясына 27 халықаралық байқаушы келген. Оның 16-сы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері екен. ТМД елдерінен 10 байқаушы жүр. Енді міне бірер сәттен кейін дауыс беру аяқталып, бюллетендерді санау басталады.
Серғали Айдапкелов, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Таңғы сағат 07:00-де ашылған сайлау учаскесіне 13 байқаушы келіп тіркелді. Сайлаушылар мен бақылаушылардың атынан ешқандай арыздар келіп түскен жоқ. Сондықтан сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр деп нақты айта аламын. Енді сағат 20:00-де есік жабылып, санау жұмыстары жүргізіледі.