Алдын ала мәліметтер бойынша Жамбыл Ахметбеков 3,86% дауыс жинады
Exit рoll қорытындысы бойынша электораттың 3,86% коммунистер кандидатына дауыс берген. Қоғамдық пікір институты еліміздің 325 учаскесінде сауалнама жүргізген. Барлығы 13200 адам әлеуметтік зерттеуге қатысқан. Партиялықтар «жасырын сауалнаманың нәтижелері ОСК мәлімдемесімен жақын келеді» деп есептейді. Республикалық штаб өкілдерінің айтуынша, биыл Exit рoll-да кәсіби мамандар жұмыс істеген. Сондықтан алдын ала болжам мен соңғы санақ нәтижесі 80% сәйкес болуы мүмкін. Сайлауға түскен Жамбыл Ахметбеков те бұл пікірмен толық келіседі.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тәжірибе бойынша Exit рoll қорытындысы мен сайлаудың алдын ала қорытындысы арасында айырмашылық аз болады. Дегенмен әлі де болса ОСК алдын ала қорытындысын естіген дұрыс. Біздің сайлау учаскелерінде болған сенімді өкілдеріміз, бақылаушыларымыздан қазір жіберілген қателіктер туралы ешқандай ақпарат келіп түскен жоқ. Егер ОСК қорытындысы мен Exit рoll жасаған қорытынды арасындағы айырмашылық болмай, екеуі қатар келіп қалатын болса, онда сайлау ережеге сәйкес өтті деп айтуға болады.