Үкімет басшысы әкімдерге азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды
Инфляция 2,4% құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім етті. Оның айтуынша, құрылыс, сауда, машина жасау салаларында экономикалық өсім бар. Ал инфляцияға келсек, Атырау, Маңғыстау облыстары мен елордада ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы белгіленген көрсеткіштен жоғары. Осы ретте Үкімет басшысы әкімдерге азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыруды тапсырды. Сондай-ақ өңірлерге инвестиция тартып, шағын және орта бизнесті дамытуға ден қою қажеттігін айтты.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының толығымен жүзеге асырылуын қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Оның негізінде экономика және инфрақұрылымдық тұрақты даму, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтауды жақсарту арқылы халықтың табысын және өмір сүру сапасын арттыру бар. Соның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу Үкімет жұмысының басымдық міндеті болып табылады. Ол жаңа өндірістің ашылуына тікелей байланысты. Ал мұны инвестициясыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Бес айдың қорытындысы бойынша, жалпы мемлекеттік бюджетке 3 трлн 800 млрд теңге қаражат түсті. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, кіріс 510 млрд теңгеге артқан. Ал республикалық бюджет түсімі 2,7% ұлғайып, 2 трлн 783 млрд теңге болды. Жыл басынан бері 5 трлн-ға жуық қаржы игеріліп, бюджет шығыстары 1 трлн-ды еңсерген. Уақытында игерілмеген қаржы 49 млрд теңгені құрады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Игерілмеудің негізгі себептері: мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну.