Қапшағай су қоймасында желкенді қайық жарысы басталды
Ауа райы құбылмалы Қапшағай су қоймасының биыл қайықшыларға қандай тосынсый дайындап тұрғанын ешкім білмейді. Бірақ еліктірер спорт түрін таңдағандар қандай қиындыққа болса да дайын екендіктерін көрсетті.
Таңмен таласа берілген дабылды ести сала қайықтар желкенін көтеріп үлгерді. Жылдамдық, желдің күші мен жарысқа деген құлшыныс қайықшылардың бағын анықтайды. Айтпақшы, әр қайықтың өз тарихы бар. «Натали» қайығын капитан өзінің ерекше қызығушылығына түсіністікпен қарайтын сүйіктісінің құрметіне атапты. «Жолбарыс» пен «Севастополь» да көпшіліктің назарында.
Наталья Кузнецова, регатаға қатысушы:
- Сағатына 15 шақырым жылдамдықпен келе жатқан қайық шамандардың кеңірдекпен айтатын әндеріне ұқсас дыбыс шығарады. Мен солай елестеттім. Өте керемет.
Судың бетінде ғажайып көріністер жасап жүрген экипаждар да бар. Қыздардан құралған мына трионың соңғы 10 жылда үйлеріне жеңіссіз оралған сәттері жоқ. Өткен жолы олар буырқана соққан желді өздеріне бағындырыпты.
Міне, қайықтар қызық пен қауіпке толы сапарға аттанды. Толқынмен бірге бағытын түзеген «Кин-дза-дзаны» алматылық команда фанерден өз қолдарымен жасап алыпты. Желкенін жайған ол өзгелерден қарыс қадам қалмауға тырысуда. Алда қиындық көп. Желге қарсы жүзуге де тура келеді. «Кейде желдің екпіні шағын қайықтарды жартасқа лақтырады», – дейді мамандар.
Олег Парамонов, регатаны ұйымдастырушы:
- Мәселен, Балқаш пен Каспий теңізінде немесе мұхиттарда таңертең қандай ауа райы болса, ол кешке дейін сақталады. Ал Қапшағайда құбылмалы, дәл болжау мүмкін емес. Бір сағат бұрын қатты жел болып еді, енді тым-тырыс. Қайықшы үшін тымық ауа райы желден де қорқынышты.
Желкенді қайықтар жарысы бір аптадан соң мәреге жетеді. Желдің күші мен жылдамдығын үйлестіре алғандар жеңіске жетеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Александра Салмина, Эдуард Кон