Жолдардың сапасына үнемдеп, пара алған шенеунікке 40 млн теңге айыппұл салынды
«Алматыжоллаборатория» директорына пара алғаны үшін 40 млн теңге айыппұл салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, пара алған директор ірі компанияға жол салу үшін арзан материалдарды пайдалануға рұқсат берген. Пара беруші де жазадан құтылған жоқ. «Қазақжолқұрылыс» басшысы өзінің бұл заңсыз әрекеті үшін 30 млн теңге айыппұл төлейді. Сот талқылауы өткен аптада аяқталды. Сондай-ақ екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Арман Бердалин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:
- С.Кенжеғұл 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап 2019 жылдың сәуір айына дейін «Қазақжолқұрылыс» ЖШС директоры З.Досжановтан жол құрылысы кезінде арзан құрылыс материалдардын қолдануға келіскені үшін жалпы сомасы 2 млн теңге пара алған, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан. Сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап айыппұл төлеу мерзімін бір жыл деп бекітті, айыппұл төлемеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылатынын да түсіндірді.
Батысқазақстандық жолшыларға да «бюджет қаржысын жымқырды» деген айып тағылып отыр. Жемқорлықпен күрес департаменті мамандарының назарына «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Маңғыстаудағы бөлімшесінің қызметі ілігіп отыр. Тергеу болжамы бойынша директор мен оның орынбасары мердігерлерден жүйелі түрде пара алып, орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып отырған. Сонымен қатар құрылыс ұйымдарынан алған ақшалай сыйақы көлемі 6 млн теңгені құраған.
Арман Бердалин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:
- «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі уақытша ұстау изоляторына жабылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдіктінің тағылған айып бойынша кінәлі немесе кінәсіздігін сот шешеді.