Хабар телеарнасы

Павлодар облысында 50-ге жуық ауылға ауызсу жетеді

Соның нәтижесінде 105 ауыл таза суға қол жеткізді. Биыл да мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, тағы 45 елді мекенге су тарту көзделген.

Павлодар облысында Ертіс өзенінің бойын жайлағанмен, таза суға қол жеткізе алмай отырған елді мекендер бар. Солардың бірі Қызылжар ауылы еді. Қазір елді мекеннің 400 отбасы үшін сапасыз су ішкен күндер артта қалды.

Айтжамал Жазенова, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Құдықтан шелектеп су тасыған күндер болды. Енді үйге құбыр тартылып, рахатын көріп отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Павлодар ауданы Мичурин ауылының тұрғындары да осындай күнді асыға күтіп жүр. Онда 600-ден астам аулаға су бармақ. Ауыл тұрғындары енді тұзды судың зардабын көрмейтіндеріне риза.

Аманжол Әлмұханов, Мичурин ауылдық округінің тұрғыны:

- Совхоз болғанда жазда егіске құятын су болған, қазір мүлде жоқ. Біз қайдан, не ішіп жатқанымызды білмейміз. Ал мынау тексерілген, тазартылған су болары анық.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Өңір халқын сапалы ауызсумен қамту мәселесін шешу мақсатында 43 жоба қолға алынған. Осы тектес құрылыс жұмыстары облыстың 11 ауданында қатар жүрзілуде. Жыл соңына дейін 45 елді мекенге су жүйелері тартылмақ. Бұл – 38 мыңға жуық халық сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді деген сөз.

Жобаны жүзеге асыруға 900 млн теңге бөлінді. Су құбыры әр үйдің ауласына дейін жеткізіледі.

Кенжебек Бұзубаев, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Үш сорғы станциясы салынды. Әрқайсысы сағатына 38 мың текше метр су тартуға қауқарлы. Резервуар мен тазарту сүзгілері де бар.

Алдағы 3 жылда облыста әрқайсысында 200-ден астам адам тұратын 138 елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жүргізіледі. Халқы аз ауылдарға кешенді блок модульдер орнатылады.

Мақпал Лепесова, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы бөлім басшысы:

- Үшжылдық бюджеттің қалыптасуына, яғни 2020 - 2022 жылдарға 34 объектіні жолдаған болатынбыз. Жалпы сомасы респубилкалық бюджеттің 10,6 млрд теңгесін құрайды, содан кейін бізде 11 жоба әзірленді.

Осылайша 2020 жылға қарай аймақтағы 353 елді мекеннің 69% сумен қамтылуы тиіс.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов