Қапшағайда органикалық балық аулау кәсіпорны ашылды
Қапшағайдың солтүстік жағалауында аумағы 7 гектар жерді алып жатқан бұл кәсіпорын – еліміздегі алғашқы толыққанды органикалық балық аулау кешені. Мұнда әлемдегі ең танымал және жоғары сапалы балық түрлері өсіріледі. Атап айтсақ: клариус, баррамунди, стрйбасс, тилапия, нефрит алабұғасы және австралиялық таңқышаян.
Алексей Щетинин, кәсіпорын жетекшісі:
- Бұл біздің еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі саласына қосқан үлесіміз деп білемін. Өйткені жаңа ауланған балық йод жетіспейтін әр адамның ас мәзірінде болуы керек және біздің балықтар әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Қазір өндірісті толық қалыпқа келтірдік. Енді сату мәселесін реттеп жатырмыз.
Мұндағы балық түрлері жасанды бассейндерде өсіріледі. Ультрадыбыстық жабық судың температурасы 27-28 градус болуы тиіс. Сүзгілеу жүйесінің көмегімен әр сағат сайын 200 текше метр су тазартылып отырады. «Ал арнайы орнатылған қондырғылар өндірістік технологияны мұқият бақылап, жұмысты оңтайландыруға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Юрий Рудометкин, бас технолог:
- Біз қазір ғылыми тәжірибе орталығында тұрмыз. Сырттан келген балықтарды осында сұрыптап, жергілікті суға және қоректерге біртіндеп ағзасын бейімдейміз. Барлық шикізат зауыттың өндірістік және техникалық зертханасында қоректік және қауіпсіздік көрсеткіші бойынша мұқият талдаудан өтеді. Мұнда жұмыс істейтін мамандар шетелдерде арнайы дайындықтан өткен.
Қазір мұнда 20 адам қызмет жасайды. «Кадр тапшылығы бар. Әлі 80-ге жуық маман қажет», – дейді қожалық басшылығы. Кәсіпорын алдағы уақыттары 10 мың тонна клариус, 500 тонна ақ балық және 10 тонна австралиялық таңқышаян өсіріп, экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев