ҚР Президенті «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты
Сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке баулудың маңызына тоқталды. Қарағанды облысында «Айбын» сайысы осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған қатысуға еліміздің әр аймағынан жүздеген өрен келген.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Осымен 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан жарысқа 700-ге жуық өрен қатысуда. Олар осыған дейін арнайы іріктеуден өтіп, енді өз өңірлерінің намысын қорғамақ. «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны дәстүрлі түрде Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонында өтеді.
Салтанатты шараға Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент әуелі әскери полигонда құрылған далалық лагерьдің жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын – достық мекені» аллеясын аралап, сарбаздар жайғасқан орынға барды. Оқу-жаттығу полигонында жүрген жауынгерлерге мұнда барлық жағдай жасалған.
Кейінгі буынның әскери салаға деген ынтасы жылдан жылға артып келеді. Қару асынып, сап түзеуге даяр өрендерді тап осындай жарыстар шарболаттай шыңдап жатыр. Олар ел тыныштығын сақтап, шекараны қызғыштай қоруға әзір.
Ел сенімі ерге артылады. Мұқым жұрттың аманатын арқалаған сарбаздар өскелең ұрпаққа да үлгі. Сондықтан «Айбын» сынды сайыстар жеткіншектерді әскери салаға үйір қылады. Өрендерге өнегелі сөз айтқан Президент елімізде жас буынға жіті мән беріліп жатқанын да тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тәуелсіз еліміздің айбынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Қазақстанның әрбір жетістігі – өздеріңіз сияқты жас өрендердің алаңсыз, жарқын келешегі үшін жасалған қадам. Бүгінде біздің елімізге барша әлем қауымдастығы құрметпен қарайды. Мемлекетіміз қарқынды дамуда. Еліміздің абыройын арттыру сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз болып табылады. «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң.
Әр баланың жетістігі тұтас елдің тұғырдан көрінуіне түрткі болады. Қасым-Жомарт Тоқаев өресі биік өрендерді ізденімпаз болуға шақырды. Қазіргі жастар білім алуға, қабілетін шыңдауға, сөйтіп елге пайдасын тигізуге ұмтылуы керек. Бұл олардың өмірлік мұраты болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әскери-патриоттық қозғалыстың басты мақсаты – өздеріңіз сияқты жалынды жастардың басын қосып, ел дамуына қажетті, маңызды жұмыстарға белсене араластыру, күш жұмылдыру. Отан үшін аянбай еңбек ету – баршамызға ортақ мақсат. Мен жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын көріп отырмын.
Биыл – «Айбынның» мерейтойлық жиыны. Осыдан 4 жыл бұрын Елбасы пәрменімен «Жас сарбаз» қозғалысы құрылған еді. Кейінгі буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ұйымдардың қатары көбейіп жатыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде 6 мыңға жуық әскери-патриоттық клуб бар. Оларға 170 мыңнан аса өрен мүше екен. Келешекте әскери саланы ұршықша иіруге бекінгендер биылғы жарыстан да қалыс қалмады.
Мұхамеджан Таласов, ҚР Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары:
- «Жас ұлан» секілді мамандандырылған мектептеріміз бар. Одан бөлек, интернат мектептердің тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Әскери-патриоттық гарнизондарда клубтар ашылған, солардан 15 команда қатысуда.
«Айбында» бақ сынайтындарға қатаң талаптар қойылған. Олар аз уақытта қаруды шашып-жинауға, ұзақ қашықтыққа жүгіріп, шыдамдылық танытуға дайын болулары керек. Одан бөлек нысана көздеп, мергендік танытулары тиіс.
Темірлан Сүлейменқұлов, жарысқа қатысушы:
- Осының алдында жастар арасында жарыс болды. Жүгіруден және турникке тартылудан жақсы нәтиже көрсеткен соң, мені таңдап алды.
Физикалық дайындықтарын пысықтап үлгерген жеткіншектер робот құрастыру сайысынан да сынға түседі. Олар өздері құрастырған құлтемірді әскери салада қалай қолдануға болатынын түсіндіріп бермек.
Әліби Сарыбай, жарысқа қатысушы:
- Жинаған роботым қандай жүйе түрлерімен жабдықталғанын және оның іс-қимылы не үшін қолданылатынын түсіндіріп береміз.
Мұндай жарыстар жеткіншектерді биік белестерді бағындыруға жетелейді. Жауынгерлердің далалық жағдайда қалай ұрыс жүргізетінін көрген балалар келешекте әскерилердің қатарына қосылуға дайын екендіктерін жеткізді.
Аманбек Сағатұлы, жарысқа қатысушы:
- Менің әкем – әскери қызметкер. Мен де бала күнімде әкеме қызығатынмын. Сондықтан мен болашақта әскери қызметкер болғым келеді.
Рамазан Қонай, жарысқа қатысушы:
- Тәрбие береді, дұрыс жол бағыттайды. Отанын сүйетін азаматтарды көбейтеді, ойларын түзейді. Жалпы бұл жерден алатынымыз көп.
Салтанатты шараның ашылу рәсіміне қатысқандар кәсіби жауынгерлердің әлеуетіне де куә болды. Құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері бірігіп, әскери техникалардың мүмкіндігін паш етті. Зеңбіректер мен танктерден оқ атылды, тікұшақтар әуеден шабуыл жасады. Сондай-ақ СУ-30 әскери ұшағының қауқары таныстырылды. Мұндай әуе құралы әлемнің 4-ақ елінде ғана бар.
Биылғы жиынның жөні бөлек, жосығы ерек болды. Жас патриоттар кейінгі буынға жолдау арнап, оны арнайы капсулаға салды. «Ұлы дала сарбазы» уақыт капсуласын Мемлекет басшысы өрендермен бірге орнатты.
«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны бір аптадай жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен өрендер мен озат командалар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров, Антон Болтрушеевич