Парламент палаталарының бірлескен отырысында бюджет түгенделді
Қанша қаржы қалай және қайда жұмсалды? ҚР Қаржы министрі де, есеп комитетінің өкілдері де баяндама жасады. Мәжіліс депутаттары бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қадағалау мәселесін тағы да көтерді.
Парламент палаталарының бірлескен отырысы бұл жолы 3 сағатқа созылды. Себебі қазына қаржысы түгенделді. ҚР Қаржы министрінің баяндауы бойынша, былтыр ана мен баланы әлеуметтік қолдауға 146 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде 900 мыңға жуық жан жәрдемақы алған. Ал тұрғын үй саласы бойынша 257 млрд теңге игерілген.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Оның жартысынан көбі «Нұрлы жер» бағдарламасына, яғни халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталды. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы аясында 3678 пәтер кезекте тұрған халықтың әлеуметтік топтарына берілді.
Тек әлеуметтік емес, барлық салаға бөлінген қаржы игерілген. Бірақ есеп комитетінің есебінше, олқылықтар жоқ емес. Мәселен, былтыр 138 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Ол үшін жазасын алған 224 шенеуніктің 9% ғана басшылар.
Қожахан Жабағиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкімет бюджеттік бағдарламаларды сапасыз орындағаны және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін басшыларға қатысты қандай жауапкершілік шараларын қабылдады?
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Осы кемшіліктерді жою, жетілдіру мақсатында бірқатар тұжырымдамалық өзгеріс дайындап жатырмыз. Ең бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заң жобасы әзірленіп жатыр.
Ал жауапкершілікті қатаңдату туралы заңға өзгерістер енгізілуде. «Қаржылық тексерістен бұрын санамызға «аудит» жүргізу керек», – деді есеп комитетінің басшысы.
Наталья Годунова, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:
- Біз әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізуді ұсындық. Қазір ол екінші оқылымда қаралып жатыр. Депутаттардың өзі талай рет ұсынып жүр.
Мәжіліс депутаттары бірқатар мемлекеттік жобаның орындалу барысын сұрап білді. Олардың ішінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы да бар.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өзін ақтайтын автомобиль жолдарының үлесін ұлғайту жағдайын түбегейлі жақсартуды қалай жоспарлап отырсыздар? 2020 жылға қарай жоспарлы көрсеткішке қалай қол жеткізесіздер?
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Біз биыл жыл басында Алматы – Қорғас, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай жол учаскелерін ақылы еттік. 2020 жылы 5,5 шақырым, 2021 жылы тағы 5,5 шақырым жолда ашық төлеу жүйесін орнатамыз.
Қазір орталық деңгейде мемлекеттік жобалардың 500 мақсатты индикаторы бар. «Бірақ ақиқатына келгенде қай орган не үшін жауапты екенін айқындау қиын», – деді Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік органдар күтілетін нәтижені формальды түрде белгілейді. Қайсысы пайдалы, қайсысы бюджетке пайдасыз екенін түсіну қиын.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік қызметші әр тиынды жөнімен пайдалануы қажет. Экономикалық базаны ілгерілету үшін жетпеген қаржыны Ұлттық қордан қайталап ала беруге жол бермеу керек.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бағдарламаларды орындауда экономикалық жоспарлау ақсап тұр. Негізгі тауарлар мен қызметтердің баға құрылымы толықтай тексерілсе игі еді.
Қазына қаржысын мерзімінде игеру ғана басты міндет емес. Ол сапалы орындалмаса, ақшаның желге ұшқаны. Үкімет оны бағалайтын арнайы құжат әзірлейтін болды. Палатаның қос палатасы бюджет туралы есепті бекітті.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айдос Меделбеков