«Кемеңгерліктің 30 жылы» конференциясына қатысқан мемлекет қайраткерлері ой-пікірлерін айтты
Алматыда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысқан Елбасымен қызметтес болған мемлекет қайраткерлері, саясаттанушылар мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік болмысы туралы ой-пікірлерін айтты.
Халықаралық маңызы бар жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылда Қазақстанның экономикасы мен саяси сахнада және қоғамның әр саласындағы жеткен жетістіктеріне жекелей тоқталды. Жалпы 30 жылда Қазақстан биік белестерге көтеріліп, ел еңсесі тіктелді. Экономикалық даму бағдарламалары жемісін беріп, ЖІӨ көлемі 10 есеге ұлғайды.
Оралбай Әбдікәрімов, мемлекет қайраткері:
- Нұрсұлтан Назарбаев барлық жинаған тәжірибесін, білімін, талантын осы мемлекетті құруға арнады. Біз соның куәсі болып отырмыз. 30 жылдың ішінде бүгінгі Қазақстан әлі де дамитындығына көзіміз жетеді.
Елбасы әлемдегі бейбітшілік пен өзара ынтымақтастың орнауына күш-жігерін аямады. Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бастамалары әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болып, өз нәтижесін берді, - дейді жиынға қатысушы сарапшылар.
Михаил Липкин, тарих ғылымдарының докторы:
- Әлемдік саясат сахнасында Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарлау қабілетін, өз мемлекетінің мүддесін бірінші орынға қоя отырып, халықаралық аренада оны сауатты қорғай білу қасиетін ерекше бағалап, құрметтейміз.
Елман Насыров, саяси зерттеулер институтының директоры:
- Нұрсұлтан Назарбаев – күллі түркі әлеміне ортақ тұлға. Соның арқасында Түркітілдес елдердің қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық нығайды. Менің ойымша Нұрсұлтан Назарбаев Түркі тілдес елдердің бірлігін бекем етуге айтулы үлес қосты.
«Тұрақтылық пен бейбітшілік жоқ жерде қоғам дамымайды. Адами құндылықтар құрдымға кетіп, мемлекеттің өркендеуіне кесірі тиеді. Сондықтан қазіргі аласапыран заманда Қазақстан саяси әрі экономикалық, рухани бағытынан таймай, бірлік пен достықты, ынтымақ пен еңбек сияқты қастерлі ұғымдарды ұстану керек», – деді Елбасы.
Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Әбжанов, Валентин Лобанов, Эдуард Кон