Елордада «Ұлы дала» ІV гуманитарлық ғылымдар форумы өтті
Мақсат – түркологияның өзекті мәселелерін талқылау.
Соңғы уақытта түркітану ғылымы жақсы дамып келеді. 2010 жылы елордада Халықаралық Түркі академиясы құрылды. Ондағы мамандар күшімен бүгінге дейін 40-тан астам ғылыми жоба іске асырылып, 100-ден жоғары жаңа кітап жарыққа шықты. Түрлі ғылыми экспедиция ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
- Бұл форум Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына арналып отыр. Сондықтан біз жалпы түркі өркениеті туралы пайымдайтын боламыз. Сонымен қатар биыл Алтын орданың 750 жылдығы, Моғолстан мен Тараз құрылтайының 750 жылдығы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білігінің» 950 жылдығы, үлкен шайыр Насимидың 650 жылдығы сияқты мерекемен тұспа-тұс келіп отырғандықтан біздің жиындарымыз да осыған арналады.
Түбі бір түркі жұртының бізге белгілі тарихының бұрмаланған, бүркемеленген тұсы көп. Оны соңғы зерттеулер тағы бір рет дәледеді. Түрлі елден келген меймандар сол деректерімен бөлісті.
Гасан Гасанов, Әзербайжан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі:
- Түрік халқының тарихын көбінесе «ХІ-ХІІ ғасырдан басталды» деп айтады. Негізі одан әлдеқайда ертерек. Нақтырақ айтқанда, біздің заманымызға дейінгі ХІІ ғасырда біртұтас ел болдық. Грек тарихшылары өз деректерінде «Гуздар» деп, яғни түріктер жайлы жазып қалдырған.
Медеткан Шеримкулов, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тұңғыш төрағасы:
- Осыдан оншақты күн бұрын Қытай зерттеушілері бізге ғылыми деректер жазылған кітапты табыстады. Оны әлем ғалымдары, соның ішінде түрік ғалымдарымен бірлесе зерттейтін боламыз.
Бұдан өзге де түрлі елден табылған тың деректер баршылық. Соны зерттеу, жинақтап жариялау ісіне атсалысқан тұлғаларға форум аясында Түркі академиясының алтын медальдары табыс етілді.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Қанат Әбілдин