Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады

Кездесу соңында Қазақстан Президенті министрге бірқатар міндет жүктеді. Нақтырақ айтқанда, отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетуді тапсырды. «Олар өз тауарларын экспортқа шығарар кезде «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетілу керек», – деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ DP World компаниясының басқарма төрағасы Сұлтан Ахмед Бин Сулайемді қабылдады. Кездесуде тауар тасымалы саласындағы әлемдік кәсіпорынмен әріптестік мәселелері талқыланды. Әсіресе Ақтау және Құрық порттары арқылы серіктестікті жан-жақты дамыту жайы қаралды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің компанияңыздың әлемде беделі жоғары. Сондықтан өзіңіз басқаратын кәсіпорынның Қазақстандағы экономикалық жобаларға тікелей қатысуы біз үшін мол пайда әкеледі деген сенімдемін.

Сұлтан Ахмед Бин Сулайем, DP World компаниясының басқарма төрағасы:

- Сізбен кездесу – мен үшін зор мәртебе. Әлемдегі 40 мемлекетте логистикалық жобаларға қатысып келеміз. Осы жолы мен Ресейден келіп отырмын. Ол жақта серіктестерімізбен ғылыми келісім жасасып қайттым. Келешекте Ресейдің Солтүстік және Арктика бағытында логистикалық байланысын дамытқымыз келеді. Жолдың ұзақтығы 11 мың шақырым болмақ. Сол арқылы Лондон, Токио бағыттарына тауар тасымалдау уақыты қысқарады.