Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы жарлық шарттары түсіндірілді
Бірақ мемлекет банк алдында берешегі бар кез келген қазақстандықтың қарызын өтеуге көмектеспейді. Тек арнайы санатқа жататындарға ғана көмектеседі. Бұл халықтың, оның ішінде тұрмысы төмен отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды шара.
Риат Шони, тілші:
- Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған құжат жағдайы төмен отбасылар үшін үлкен әлеуметтік көмек болары сөзсіз. Себебі кредиттерін өтей алмай отырған адамдар жетерлік. Бұл мәселе 500 мыңға жуық қазақстандықтың тұрмысына тікелей әсер етуде. Кредиттердің 86% астамының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды. Берешектің орташа мөлшері шамамен 300 мың теңгені құрайды.
Сонымен нақты көмек қалай іске асырылады? Жарлыққа сай осы жылдың 1 мауысымына дейін борышкердің банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы жалпы берешегі 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Осы жағдайда ғана оның негізгі қарызының 300 мың теңгесін мемлекет өтейді. Ал айыппұл мен өсімдерін банктердің өздері өтейді.
Ескерер тағы бір маңызды жайт – қарыздар кепілсіз тұтынушылық кредиттер болуы шарт. Яғни кепілге қойылып алынған несиені мемлекет өтемейді. Алған кредиттері 300 мың теңгеге жетпейтіндер де бар. 250 мың адамның негізгі қарызы мен сыйақысын қоса есептегенде берешегі толығымен жабылады.
Бұл бір реттік мемлекеттік көмекті арнайы санаттағы адамдар ала алады. Олар – көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын жанұялар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, АӘК алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
Яғни табысыңыз тәуір болса, кредитіңізді мемлекет өтемейді. Енді жаңашылдықты естіп дәл қазір банктерге барудың керегі жоқ. Себебі жауапты мекеме қызметкерлері жарлықта көрсетілген санатқа жататындардың тізімін банктерде бар ақпараттармен салыстыратын болады. Бұл шара толығымен екі айдың ішінде аяқталмақ.