Арыстағы апатта денсаулығына зиян келген 9 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Бұл жайлы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар орталығындағы брифингте айтты. Жалпы 24-27 маусым аралығында Арыстағы апаттан түрлі дене жарақатын алған 409 адам медициналық көмекке жүгінген. Соның 329-ына амбулаторлық көмек көрсетіліп үйіне жіберілсе, қалған 80-і ауруханаға жатқызылған. Соның 15-і бүгінде үйіне оралса, біреуі ауруханада қайтыс болды. Ауруханада жатқан 64 адамның 9-ы жансақтау бөлімінде екен. «Олардың жағдайы ауыр», – деді министр. Жансақтау бөлімінде жатқан 4 баланың екеуі санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жеткізілмек, ал қалған екеуінің өмірі үшін алматылық дәрігерлер күресетін болады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- «Ана мен бала» орталығына екі баланы алып келеміз. 2005 және 2002 жылы туған балалар. Олардың диагнозы – ми жарақаты. Жалпы ауруханада жатқан адамның 90% түрлі жарақат алған. Емдеу нәтижесі жарақаттың күрделілігіне байланысты жүруде. Сонымен қатар 6 науқас түтінмен уланған, ал екеуі отпен күйген. Радиоактивті заттардың зиянымен жатқан науқастар жоқ.