Арыс кәсіпкерлері жарты жылға салықтан босатылады
Бесеуі мүлдем жарамсыз күйде. Арыстық кәсіпкерлердің бұзылған ғимараттары жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар есебінен түгелдей қалпына келтіріледі. Одан бөлек қаланың іскер тұрғындарына жеңілдетілген несие беріледі. Жергілікті кәсіпкерлікті жандандыру бойынша тағы қандай тетіктер қолға алынып отыр?
Қамбар Бекенов, тілші:
- Арыстық кәсіпкерлерге 1% 4 жылға 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бұл ретте кредитті қайтарудың алғашқы төлемі 6 айға шегеріледі.
Сонымен қатар арыстық 3600 орта және шағын бизнес құрылымын 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босату туралы шешім қабылданды. Одан бөлек Арыста 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Аймақ басшылығымен кездескен жергілікті кәсіпкерлер тарапынан несие алуға 250-дей өтініш келіп түсті. Бизнес жобалар тез қаралып, бүгіннің өзінде 2 қала тұрғынына 5 млн теңгеден несие берілді.
Мейіржан Мырзалиев, облыс әкімінің орынбасары:
- Тез қабылдап жатырмыз. 2 кепілгер керек. Олардың Арыс қаласында тұруы міндетті емес. Қазақстанның кез келген жерінде жұмыс істейтін, тұрақты жұмыс орны бар 2 кепілгер болса 5 млн теңгеге дейін шектеусіз бизнес түріне қолдау көрсететін боламыз.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Бұзылған кәсіпкерлік нысандарды қалпына келтіру шаралары бір ай ішінде аяқталады. Бизнес құрылымдарының жобалары «Қамқор», «Жас ана» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары арқылы да қаржыландырылады.