Қазақстанда XV халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтуде
Бұл жолғы фестивальде үздік кинематографистердің шеберлік сағаттары өткізіліп, бірталай киножоба таныстырылмақ. Бұл ауқымды шараның бас ақпараттық серіктесі – «Хабар» Агенттігі.
«Еуразия» халықаралық кинофестивалі – Қазақстанды әлемдік аренада танытуға сеп болған айтулы шара. Биыл 15-ші рет шымылдығын түрді. «Еуразия» кинофестивалінің жылдан жылға беделі де артып келеді. Бұл жолы оған тек телеэкран жұлдыздары ғана емес, оларды жарқыратып халық алдына шығарған продюсер, сценарий авторлары мен режиссерлар көп шақырылған.
Ермек Тұрсынов, XV «Еуразия» ХКФ президенті:
- Сіздер қызыл кілемде Эдриан Броуди, Николас Кейдж және өзге де жұлдыздар жүретініне үйреніп қалған шығарсыздар. Бұл жолы кадр сыртында жүрсе де, бар жұмысты тындыратын мамандар шақырылды. «Еуразия» фестивалі біздің киноиндустриямызды дамытуға көмектесетін маңызды құрал деп айтсам артық болмайды.
«Еуразия» кинофестивалін Канн және Берлинале фестивальдері секілді «А» санатындағы шаралар қатарына енгізу жоспарланып отыр», – дейді ұйымдастырушылар. Биылғы негізгі байқауға Еуропа мен Азияның 11 елінен 12 картина қатыстырылып отыр. Қазақстан атынан Фархат Шәріповтың «Тренинг личностного роста» атты еңбегі ұсынылған.
Элеонора Граната, XV «Еуразия» ХКФ бағдарлама директоры:
- Біз мәртебелі меймандарды шақырар кезде, кино тізімін жасағанда қатты ойландық. Себебі жүзден жүйріктерін таңдау керек болды. Тізімнің ішінде Оңтүстік Корея режиссерінің «Паразиты» деген фильмі бар, бұл киноға Канн фестивалінде бірінші орын берілген болатын.
Биылғы кинофестивальдің тағы бір ерекшелігі, голливуд компанияларының өкілдері келіп отыр. LIONSGATE, NBC Universal Warner Horizon The Discovery және өзге де кинокомпаниялардың продюсерлерімен Қазақстанда фильм түсіруге келісім орнауы мүмкін.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Сұлтан Қалдыбеков