Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО Сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ашты
Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық төрелік орталығы ашылды. Бұл рәсімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент посткеңестік кеңістікте алғаш рет ағылшын заңының Қазақстанда табысты қолданылатынына сенім білдірді. Ал АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың бір жылда атқарған жұмысын баяндады. Оның айтуынша, орталық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының нағыз қаржылық хабына айналуды көздеп отыр.
Заман өзге, заң өзге. Бір-бірінен ажырамас үдеріс. Дегенмен бұрынғы билер институты, не қазіргі сот жүйесі болсын, ұстаным ұқсас. Ол – әділ әрі заңы үстем қоғам құру. Қазақстан кәсіби әрі тәуелсіз сот жүйесін құруға үнемі талпынып келеді, оған ерекше мән береді. Ашылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының ғимараты мен Халықаралық төрелік орталығы осы бағыттағы тағы бір жеңіс болып саналады. Қазақстан сот жүйесінде ағылшын заңын қолданатын посткеңестік кеңістіктегі алғашқы мемлекет атанып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Баршаңызға белгілі, біз экономикалық және қаржылық реформалардан бөлек, бірқатар құрылымдық және жүйелік реформалар жасап келеміз. Заңның үстемдігі табысты экономикалық және тұрақты өсімнің негізі екенін түсінеміз. Сондықтан заманауи кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін құруға ерекше мән береміз. Ағылшын заңына негізделген АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығын құру арқылы АХҚО институционалдық құрылымын құруды аяқтаймыз. Сонымен бірге біз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырудамыз. Елбасы бастамасы арқылы АХҚО табысты қызметіне куә болып отырмыз.
Президент өз сөзінде қазақ даласында сот төрелігі сонау XV ғасырда басталғанын айтып өтті. Тарихтан тәбәрік, жаңа ғимаратта әйгілі үш биге арналған жеке үш зал бар. Мына зал мысалы «тура биде туған жоқ» дейтін Төле бидің атымен аталады. АХҚО сотын Лорд Вульф, ал Халықаралық төрелік орталығын Барбара Доманн басқарады.
Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО Сотының тіркеушісі және аппарат жетекшісі:
- Соттың төрағасы Лорд Вульф – әйгілі тұлға, Англия мен Уэльстің бұрынғы бас судьясы, одан бөлек, сотта жалпы құқық жүйесі бойынша 8 судья жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ төрелік орталығының төрағасы Барбара Доманның халықаралық коммерциялық төрелік төңірегінде тәжірибесі өте мол. Одан бөлек, арбитрлар мен медиаторлардан құрылған 30 адам бар. Орталықта халықаралық білімі бар, ағылшын тілінде еркін сөлейтін кәсіби қазақстандық мамандар да бар.
Ғимарат ашылғанмен АХҚО Соты өз жұмысын 2018 жылдың 1 қаңтарында бастаған. Осы уақыт ішінде бір арыз келіп түскен, ол бойынша шешім де шығарылды. «Бұл – жаһандық қаржы орталықтары арасындағы үздік көрсеткіш», – дейді халықаралық сарапшылар. Демек, Қазақстанға келетін инвесторлар тарапынан сенім бар. Дәл осы инвесторлардың сенімі орталықты басқару жөніндегі Кеңестің кеңейтілген отырысында сөз болды. Орталық ашылғалы бері өтіп отырған төртінші отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың маңызды міндетін межелеп берді. Ол – экономикаға инвестиция тарту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүниежүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», ҚТЖ сынды ұлттық компаниялардың IPO көрсеткіші өтеді.
АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің бірі – еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти Қазақстанның дамуы мен реформаларын жүзеге асыруға одан әрі көмектесуге ниетті екенін жеткізе келе, қаржы орталығының осы бағытта рөлі үлкен екенін атап өтті. Ал «Полиметалл» компаниясының президенті Игорь Финогенов 2019 жылы сәуірде өткен қаржы орталығының биржасына шығу тәжірибесі туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, компанияның жай акцияларын орналастыру көлемі 17 млн доллардан асып кеткен.
Игорь Финогенов, ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі:
- Акцияға сұраныс ұсыныстан екі есе жоғары болып, сауда нәтижелері біздің күткенімізден асып түсті. Сондықтан Қазақстанға ақшасын алып келген инвесторлар өз ақшаларының қайда салынғанын көріп отырады. Екіншіден, Қазақстанның қаржылық нарығы, бірыңғай зейнетақы қоры жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстан геосаяси орналасу жағынан да, экономикалық тұрақтылық жағынан да шетелдік инвесторларға тартымды болып тұр.
Осыдан бір жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ашқан АХҚО бір жыл жемісті жұмыс істеді. Ол жайында орталық басшысы Қайрат Келімбетов баяндап берді. Ол «қаржы орталығы инфрақұрылымдық және қаржылық хабқа айналады» деп сенеді және ол үшін ірі жаһандық қаржылық орталықтармен байланысты бекемдей түсу ләзім. Сондықтан орталық басшысы Токио, Сингапур, Шанхай қалаларына тікелей әуе рейсін ашу жөнінде ұсынысын жеткізді.
Қайрат Келімбетов, АХҚО басшысы:
- Соңғы 12 айда өте жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің реттеуші аясында 200-ден астам компанияның тіркелуіне келсек, бұл компаниялар арасында аса танымал ұйымдардың бар екенін мақтанышпен айтқым келеді. Мәселен, Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі бар. Сонымен бірге «Бір белдеу, бір жол» бастамасының нағыз қаржылық хабына айналғымыз келеді.
Бүгінгі кеңес отырысынан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ислам даму банкінің президенті, доктор Бандар Хаджармен жеке жүздескен Президент оны Кеңеске мүше болуымен құттықтады. Бұл лауазымға тағайындалу Қазақстандағы исламдық қаржылық қызметті дамытуға септігін тигізеріне сенім білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Bloomberg Media Group компаниясының бас атқарушы директоры Джастин Смитпен де кездесті. Тараптар АХҚО алаңынан тікелей хабар тарататын Bloomberg студиясын ашу, беделді халықаралық БАҚ-ты тарту үшін медиахаб құру, ірі ұлттық компаниялардың акцияларының АХҚО биржасына шығуын сүйемелдеу мәселелерін талқылады.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- АХҚО Президент айтқандай, өршіл мақсаттар жолында құрылды. Яғни бұл орталық Қазақстанды дамушы елдердің қатарына қосатын жетекші факторға айналуы тиіс. Бір жыл ішінде орталық бедел жинады. Жаһандық индексте 37 деңгейге көтеріліп, 51-орынға тұрақтады. Соның арқасында Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің қаржылық картасында айқындала түсті. Мұндай маңызды орталықтар үшін әрине бір жыл аз мерзім болып саналады. Халықаралық сарапшылар уақыт өте келе АХҚО әлемдік деңгейдегі ойыншыға айналарына күмән келтірмейді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев