«ЕЛ АРНА» телеарнасы «Ерке Есілдің самалы» атты қысқаметражды фильм түсірді
6 шілдеде «Ерке Есілдің самалы» атты қысқаметражды фильм көрерменге жол тартады. Кинокартина халқымыздың салт-дәстүрін көрсете отырып, ғашықтар хикаясына ұласады. Туынды сюжеті ел жүрегі елорданың көз тартар көркем жерлерімен қатар, зергердің музей үйінде түсірілген. Ал фильмнің жас кейіпкерлері үшін бұл – кино өнеріне жасаған алғашқы қадамдары. «ЕЛ АРНА» каналы 2 жылдығы қарсаңында қысқаметражды көркем фильмдер сценариіне байқау жариялаған еді. Шығармалардың үздіктері осы туындыға арқау болыпты.
Батырбек Тайжанов, «Ерке Есілдің самалы» қысқаметражды фильмінің режиссері:
- Бұл фильмнің сценариі 25-ке жуық жұмыстың арасынан үздік деп танылған болатын. Өз тарапымыздан экшн, комедия дегендей аздаған өзгерістер енгізіп, түрлендіре түстік. Көрермен кейіпкерлермен бірге ғасырлар бойы үзілмеген тарихи байланыстың куәсі болады деп ойлаймын.
Берік Әлібай, зергер:
- Мақсатым – жастарымыздың шетелге қызығушылығын өз еліміздің мәдениетіне қарай бұру. Оны біздің қазақ халқының рухы мықты халық екенін дәлелдеу, өз істеген істерім арқылы көрсетемін.