Елордаға соңғы 5 жылда саяхаттап келушілер қатары екі есе артты
Оларға қызмет көрсететін туристік компаниялар көбейіп, халықаралық стандартқа сай қонақүйлердің саны 200-ден асып жығылыпты. Соңғы жылдары жаңа теміржол вокзалы, жаңа әуежай терминалы салынды. Соның арқасында елордаға жыл сайын 1 млн-ға жуық адам саяхаттап келеді.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Туристер дегенде ұжымдық саяхаттың орны бөлек. Ол үшін осындай қос қабатты автобустар қызмет көрсетеді. Оның жұмысына қазіргідей жаз уақытында сұраныс ерекше артады екен.
Қала күні қарсаңында әсіресе кішкентай туристер қатары көбейеді. Ол түсінікті де, ата-ана барлық жақсыны балаларына арнайды емес пе?! Осындайда бас қаламыз – демалуға келетін басты орынның бірі.
Марат Өмірбеков, туристік компания өкілі:
- Осы жылы бізге Беларусь, Түмен, Алтай өңірінен де балалар келді. Оларға ойын-сауық орталықтарына қоса мәдени орындарды да көрсетудеміз. Бағдарламаны қызықты етіп ұйымдастырсақ, алдағы жылдары олар қайта келуге ниет танытады деп сенеміз.
Аймақтардан келгендер, шетелдіктер бәрін қосқанда Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын 50 мың бала демалып қайтады. Ересектер бұдан ондаған есе көп. Арасында саяхаттаумен қоса емделу, білім алу, іскерлік мақсатпен жүргендері де бар.
Эрнестес Василаувкес, турист:
- Маған Қазақстан туристік маршрутын інім жасап берді. Бізді режимнің визасыз болуы қызықтырды. Бірінші Алматыға бардым, енді міне Нұр-Сұлтанға ат басын бұрдым. Сапарымның қала күніне сәйкес келгеніне қуаныштымын. Көрікті орындар, оның ішінде мешітке де барамын. Яғни рухани демалысқа көңіл бөлудемін.
Сан мыңдаған туристтің келіп, жайлы демалуын ұйымдастыруға атсалысып жүргендердің бірі – Әйгерім. 4 жыл бұрын Нұр-Сұлтанға келу оның арманы еді. Қазір бас қаладағы белді компанияда директор орынбасары. Кейіпкеріміздің жетекшілігімен қыста 300-400, ал жаз мезгілінде ай сайын мың турист елордамызда болып қайтады.
Нақты сандарға тоқталсақ, елордамызға былтыр 700 мыңнан астам турист келіпті. Оның 200 мыңы – шетелдік. Ал 5 жыл бұрын олардың саны 103 мың болған. Өсім екі есе болып тұр. Бұл сандар қаланың өсуімен бірге, оған келуге қызығушылар қатарының көбейгенін білдіреді.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Азамат Саметов, Сұлтан Қалдыбеков