Қырғызстан Президентінің қатысуымен қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті
Алмазбек Атамбаевты тұтқындау операциясы сәтсіз аяқталды. Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков шұғыл қауіпсіздік кеңесін өткізді. Жиында ол: «Күштік құрылымдарға қарсылық көрсеткен Алмазбек Атамбаевты заңды аяқ асты етті», – деп айыптады.
Бұл бейнеде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Қойташ ауылындағы резиденциясы ауласында халықпен емін-еркін араласып жүр. Санаулы секундтан кейін Алмазбек Атамбаевтың оққағарлары экс-президентті ғимарат ішіне жетектеп әкетті.
Арнайы жасақтың операциясы жергілікті уақытпен сағат 19:30-да басталған. Қырғызстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті операция кезінде бейбіт халықты жарақаттамау үшін жасаурататын гранаталар мен резеңке оқ қолданған.
Бекініп алған бұрынғы басшысының қарауылы мен арнайы жасақ арасындағы текетірес бірнеше сағатқа ұласты. Кейін Қойташқа көптеп жиналған Алмазбек Атамбаевтың жақтастары резиденцияға басып кіріп, әскерилердің өзін тұтқынға алған.
Бекініп алған Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастары арнайы жасақты жалаң қолмен тоқтатты ма, әлде қолдарында қару болды ма белгісіз. Бейнеден әр жерде үйілген кесек тастарды көруге болады. Мына бейнеде азаматтардың әскерилердің қару-жарағын тартып алғанын көруге болады.
Осылайша экс-президент Алмазбек Атамбаевты тұтқындау операциясы сәтсіздікке ұшырады. Қауіпсіздік комитетінің сарбаздарын тұтқынға алған Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастары әскерилерге «Қойташтан шығыңдар» деген талап қойды. Осы оқиғаға байланысты шұғыл қауіпсіздік кеңесін өткізген Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков: «Қарулы қарсылық көрсеткен экс-президент заңды аяқ асты етті», – деп мәлімдеді. Ол елде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін барлық шараны атқару керектігін айтты. Қақтығыс кезінде арнайы жасақтың бір сарбазы қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алды.
Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Бақыт Чермашев