Атыраудан қатынайтын жолаушылар пойызына қыркүйек айына дейін билет жоқ
Өкінішке қарай, бұл мұнайлы өңірде жылда қайталанатын жағдай.
Атырау теміржол вокзалында анталаған кезек жоқ. Мұндағы 16 касса қалыпты жұмыс істеп тұр. Кезек болмайтын себебі билет жоқ. Барының өзі әлдеқашан сатылып кеткен. Әсіресе елорда мен Алматыға жету жолаушылар үшін жырға айналып барады. Тұрғындар: «Облыс аумағындағы стансаларға жете алмай жүрміз», – деп ашынады.
Әбілхан Төлеуішов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Тіпті мына тиіп тұрған Сағыздың өзіне бір ай бойы билет таба алмай, көлікпен барып қайттым. Алматыдағы конференцияға билет жоқтықтан ұшақпен бардым. Осындай түйткілдер жаз шықса басталады.
Атырау стансасы арқылы 12 жұп жолаушы пойызы өтеді. Олар тәулігіне 3500-ге дейін жолаушы тасымалдайды. Алайда жазғы маусымда бұл да жеткіліксіз. Салаға жауапты «Жолаушылар тасымалы» компаниясы қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр.
Әлмұқан Есқалиев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау облыстық телімінің басшысы:
- Өзіміздің құрамамызда 119 вагон бар. Қай жаққа сұраныс бар соларды қамтамсыз етіп отырмыз. Бұрын Алматы бағытына күнара бір пойыз жүретін болса, қазір Атыраудан Алматыға күнде пойыз бар. Бірақ халықтың сұранысы күннен-күнге көбейіп келе жатыр.
Күні бүгінгі басты проблема – Атырау-Нұр-Сұлтан бағыты. Себебі елордаға күнара жалғыз пойыз қатынайды. Бұған дейін кезектескен «Тұлпар-Тальго» құрамасы алынып тасталған. Тығырықтан шығу мақсатында қазір қосымша вагондар қосылуда. 2020 жылға қарай қосымша жаңа жолаушы вагондары алынады деп күтілуде.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев