ҚР Ішкі істер министрі абақтыда жазасын өтеушілердің жағдайымен танысты
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы облысының Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 колониясы қызметінің жұмысын тексерді. Бұған дейін дәл осы колония қызметкерлерінің жазасын өтеушілерге зәбір көрсетіп, азаптағаны туралы бейнеролик әлеуметтік желіге тараған болатын. Тексерістен кейін қызметін асыра пайдаланғандар жауапқа тартылып, түзеу мекемесінің басшысы жұмыстан босатылды. Бүгінде мұнда 737 сотталушы бар. Олардың 243-і жұмыспен қамтылған. Тексеру кезінде министр олардың жағдайымен танысып, бас бостандығынан айырылған 37 сотталушыны қабылдады.
Игорь Мирошниченко, ҰПМ мүшесі:
- Сотталғандарға зәбір көрсетуге жол берілмейтіні туралы министрдің өзі мәлімдеді. Сондай-ақ Президент те бұл мәселеге назар аударды. Бақылау күшейгендіктен абақты қызметкерлерінің аяқ тартатыны белгілі. Оның үстіне министр азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сотталғандардың жеке мәселелерін тыңдап, оларды шешуге, түскен ұсыныстардың кейбірін ескеріп, заң актілеріне қосу туралы айтты.