Алматы облысында үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін 31 мектеп салынады
Оқыту жүйесін ретке келтіру, тұрғын үй құрылысын жандандыру және жол сапасын жақсартуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапары кезінде тапсырған еді. Өңір үшін маңызды мәселелерді шешу жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Алматы облысындағы тұрғын үйлерді әр адамға шаққанда 18 шаршы метрден келеді. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Сондықтан Мемлекет басшысы Жетісу жеріне барғанда осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырған болатын. Осыған орай өңірде мыңға жуық көпқабатты ғимарат салынатын 35 аймақ анықталды. Сонымен қатар биыл 800 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілмек. Баспанамен қамту ісінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы да өз тиімділігін көрсете бастады. Талдықорғандық Эльвира Тулақбаева мемлекеттік жобамен алғашқылардың бірі болып үй алды.
Эльвира Тулақбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Осындай бағдарлама арқылы баспаналы болып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Алғыс айтамыз!
Данияр Оразов, Талдықорған қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Облыс орталығында 250 адамға жолдама берілді. Соның 84-інің төлем қабілеттілігі расталды. Қалған 166 тұрғынның құжаттары банк тарапынан тексеріліп жатыр. Талдықорған қаласында 10 млн теңгеден 189 азаматқа қаржы беру қарастырылған.
Алдағы оқу жылында өңірдегі 34 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Мұндай жағдай оңтүстік аймақтағы оқушылар санының артуынан туындап отыр. Жүктемені азайту үшін 31 білім ордасын салу жоспарланған.
Дәурен Тұрғанбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- 7 мектепті салу үшін қаржы бөлінді. Сонымен бірге 24 білім ордасының жобалық сметалық құжаттары жасалып жатыр. 6 оқу ғимаратына қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шықты. Қалған 18-і жыл соңына дейін дайындалып, ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылатын болады.
Президент тапсырған тағы бір маңызды мәселе – туристік нысандарға қатынайтын жолды жасау. Қазір өңірде осыған қатысты бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатыр. «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық» аралығында жаңадан автомагистраль салынуда. Сонымен бірге Балқаш көліне баратын және «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» бағыты мен Алматы айналма жолының құрылысы да қолға алынған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, ҚуанышТүргенбаев