Мемлекеттік балабақшалардың тек 60% бейнебақылау жүйесімен қамтылған
Естеріңізге сала кетсек, Елбасы өткен жылғы Жолдауында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл шараларды жедел қолға алуды тапсырған болатын. Алайда әлі де болса қараусыз қалған бүлдіршіндер белгісіз жағдайда жарақат алуда. Соңғы екі ай ішінде Ақтөбеде екі бірдей бөбек балабақшадан тікелей ауруханаға жеткізілді.
Наталья Ратникова күнделікті емхана аралап, бөбегінің дертіне дауа іздеуге мәжбүр. Ертеңгілік он екі мүшесі сау баласын бақшаға тапсырған ана: «Мектепке дейінгі мекемеден басын жарып қайтады деп ойламадым», – дейді. Бірнеше рет лоқсып, құсқан соң, жағдайды тәрбиешілерден білмек болады.
Наталья Ратникова, П.Ратникованың анасы:
- Бірден балабақшаға барып, мән-жайды анықтамақ болғанмын. Жүрегі көтеріліп, құса берген соң, астан уланып қалды ма деген де ой болды. Бірақ тәрбиешіні таба алмадым. Ал оның орнына қалған қызметкер: «Ештеңе байқамадым», – деді. Баламның құлағанын бақша меңгерушісі айтты. Бірақ басымен құлаған жоқ деп ант-су ішті.
Меңгерушінің бұл сөзін дәрігерлер жоққа шығарып отыр. Себебі бүлдіршіннің үздіксіз лоқсып, қайта-қайта құсуына бас миының жарақаты себеп болған. Сол күні-ақ Полина Ратникова облыстық балалар емханасына жатқызылды.
Саслан Өтегенов, дәрігер-нейрохирург:
- Бас миының компьютерлік томографиясы жасалды. Нәтижесінде миы жарақатталып, бас сүйегінің төбе аймағының сынуы анықталды. Жағдайы тұрақты болғандықтан, тиісті емдеу шараларын жүргізіп, амбулаториялық бақылауға жөнелттік.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жарақат ұзақ ем қабылдауды талап етеді. Кемінде бір жылға дейін мамандардың бақылауында болуы тиіс. Айдың күні аманында мешел болудың алдында қалған бүлдіршіннің анасы Наталья Ратникова балабақша өкілдерін жауапқа тартуға ниетті.
Наталья Ратникова, П.Ратникованың анасы:
- Полиция департаментіне арыздандым. Сотқа да арыз жазамын. Себебі мен өз баламды қорғауым керек.
Оқиғаның мән-жайын анықтауға балабақшаға біз де барған болатынбыз. Алайда мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет етіп отырған әлеуметтік мекеменің есік алдынан қайтуға тура келді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Мектепке дейінгі мекеменің ғимаратына бізге кіруге мүмкіндік болмады. Балабақша мамандары: «БАҚ өкілдерін есіктен тіпті аттатпаймыз», – деп отыр. Дегенмен балалардың қауіпсіздігіне қалай жауап беретіндігін осы жерден-ақ байқауға болады.
Бізбен ғимарат алдында тілдескен бақша меңгерушісі Жадыра Қосжанова: «Дер кезінде көмек көрсеттік», – дейді. Бірақ бөбектің басының қай уақытта жарылғанын айта алмады.
Жадыра Қосжанова, «Әсел» балабақшасының меңгерушісі:
- Бізде алғашқы көмекті өзіміздің медбике көрсетті. Баланың аяғына уқалап, салқын орамал қойды, содан бала қайтадан ұйықтады. Қан шығып, не болмаса басы жарылғанын байқағанымыз жоқ. Ал кешке үйіне алып бара жатқанда баланың құсқысы келген екен.
Оқиғаның ақ-қарасын бейнебақылау камералары анықтауы тиіс еді. Алайда меңгеруші ондай техника тек есік алды мен дәліздерде ғана орнатылғандығын жеткізді. Жалпы Ақтөбедегі мемлекеттік балабақшалардың тек 60% ғана бұл техникамен қамтылған. Шенеуніктер: «Қаржы бөлінсе, 2020 жылы толықтай қамтамассыз етеміз», – дейді. Бұл шешімге мемлекеттік тапсырыс орындап отырған жеке балабақшалар да мойынсұнуы тиіс.
Алмагүл Толыбаева, облыстық Білім басқармасының бөлім жетекшісі:
- Мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жағдайда ол жерде тәрбиешілердің, көмекшілердің еңбекақысы, коммуналдық шығындарға арналған қаражат қарастырылған. Сол қаражаттың шегінде олар бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуді қарастыруы керек.
Сол күні кезекте болған тәрбиеші жұмыстан қуылған. Соған Полина Ратникова енді бұл балабақшаға аттап баспайтын болды. Оның үстіне күнделікті неврапотолог маманның бақылауында жүр. Ал кішкентай бөбектің басын қалай жарылғанын тергеушілер анықтауы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков