17 жастағы бойжеткенді зорламақ болған күдікті ұсталды
Оқиға таң сәріде болған. Куәгер ата-аналардың айтуынша, інісін мектептен алып кетуге бара жатқан қызға тап берген күдікті мектептің ауласынан шығып қашып кеткен. Бірақ ізін суытпай тәртіп сақшылары оны дереу қолға түсірді. Зардап шеккен қыз жеңіл жарақат алған. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Өйткені күдікті бойжеткеннің бетінен соққан. Ата-аналар зорлық жасауға оқталу қылмысы үшін берілетін жазаның күшейтілуін талап етіп отыр.
Людмила, ата-ана:
- Жас қызды мектеп іргесіндегі тал арасына апарып, ойындағы лас ойын іске асырмақ болғаны сұмдық жағдай. Абырой болғанда, куәгерлер қызды құтқарып қалды. Зорлықшының қылмысқа таңғы уақытта оқталып, айналасында адамдарды көре тұра сондай әрекетке баруы жағамызды ұстатқаны рас. Осыған байланысты мектебімізде қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін талап етеміз.
Эльмира Шауленова, қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі:
- Нұр-Сұлтан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Қазіргі Қылмыстық кодекстің 24 және 120-баптары, яғни кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолданып, жыныстық қатынас жасауға оқталу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша сот сараптамалары тағайындалды.