Әуе билеттерінің құнын арзандату жолы қарастырылуда
Осы сұраққа жауап берсек, мәселенің шешімі шығар. Әуе компанияларының әуежай қызметі үшін шығыны билеттің өзіндік құнының 7% аспайды. Бұл туралы Алматы халықаралық аэропортының Тарифтік саясат және қаржылық бақылау бөлімінің жетекшісі Арнат Ахметжанов мәлімдеді. Қазақстандық авиакомпаниялар керосинді тікелей өндірушіден алады. Бұған әуежайдың қатысы жоқ. Сарапшының пікірінше, билет құнына әсер ететін негізгі шығындар: ұшақтарды жалға алу, техникалық қызмет көрсету, қызметкерлер мен ұшқыштардың айлығы. Маман билет бағасын төмендетудің бірнеше жолын ұсынады. Әуелі мемлекет тарифтік саясатты қайтадан бақылауы тиіс. Мұндай шара 2015 жылдың қыркүйегіне дейін қолданылған. Сондай-ақ сарапшы «жабық аспан» жүйесінен бас тартуды ұсынады. «Әзірге Қазақстан ішінде жолаушы тасымалдау құқығына тек отандық 4 әуе компаниясы ие. Алдағы уақытта «ашық аспан» жүйесіне көшіп, шетелдік компаниялардың да ішкі рейстер жасауына рұқсат беру керек», – дейді маман.
Арнат Ахметжанов, Алматы халықаралық әуежайының Тарифтік саясат және қаржылық бақылау бөлімі жетекшісі:
- Бәсеке әділ болмауы да мүмкін. Өйткені нарықта ірі ойыншылар бар. Алып мұнай компанияларына қарасты әуе компаниялар да жұмыс істейді. Олар демпинг жасап, билет бағасын әдейі арзандатып тастауы мүмкін. Осылайша кез келген әуе компаниясын нарықтан шеттете алады. Біз мұндай мәселелердің барлығын білеміз. Дегенмен ортақ мәмілеге келіп, әуе билеттерінің бағасын арзандатудың тиімді жолын табуымыз қажет.