Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері өз ойларымен бөлісті
Кеңес мүшелерімен бірлесіп күрмеуі көп түйіннің шешілу жолын қарастырды. Түптеп келгенде, мұның барлығы халық үшін жасалып жатқан игі шаралар екендігін де тілге тиек етті. «Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы міндетті ойдағыдай жүзеге асыратын бірегей құрылымға айналады деп сенемін. Біз халық сенімін ақтауымыз керек. Әрбір азаматтың мүддесі біз үшін өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Арманжан Байтасов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, кәсіпкер:
- Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің барлық мүшесі жиынның қалай өтетінін ойлап аздап қобалжыған едік. Өткен аптада жұмыс топтарының бірінші отырысы, ал Мемлекет басшысының қатысуымен кеңестің бірінші отырысы өтті. Бұл жаңа орган болғандықтан, бір-біріміздің қалай уағдаласатындығымыз өте маңызды болды. Өйткені кеңеске 40-тан астам адам қатысты. Шындығына келгенде, сарапшылардың деңгейі өте жоғары. Әрқайсысының артында үлкен ұжым, не болмаса үлкен тәжірибе тұр.
Келелі кеңестің алғашқы отырысын қорытындылаған Мемлекет басшысы ұтымды ұсыныстарды қолдайтындығын жеткізді. Тек: «Айтылғандар ұран болып қалмасын, керісінше шаруалар тиянақты атқарылсын», –деді.
«Ортаға салынған ойларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек. Жалпы айтқанда қазір бізге үлкен құжат пен жоспар қажет. Әр салада жеке жоспар дайындауымыз керек. Алдымызда тұрған мақсаттар ауқымды, күрделі», – деді Президент.
Максим Споткай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Кездесуіміздің ең басты объектісі – Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі. Президент: «Әр ұсыныс пен пікірді өз жұмысымызға аламыз», – деді. Сондықтан қай мәселе болса да, әлеуметтік желіде немесе қоғамда талқыланады. Біз оны міндетті түрде ескереміз. Осының бәрін Ұлттық қоғамдық кеңес арқылы жеткізуге жол ашамыз.