ШҚО-да 3 жылдан бері су құбыры тартылып бітпеген
Алдағы үш жылда тұрғындарға таза ауызсу тартып, су жеткізуге шамамен 250 млрд теңге бөлінеді. Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.
ШҚО-дағы Красная Шемонаиха ауылының тұрғындары ауызсудың азабын тартып отыр. Шағын елді мекенге 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республика қазынасынан 262 млн теңге бөлініп, орталықтандырылған су құбыры тартыла бастаған. Бірақ жұмыс жол ортасына келгенде аяқсыз қалған. Ал 60 жыл бұрын салынған құбыр әбден тозған. Одан аққан су бұлақ болып шығып жатыр.
Үш жыл күткен ауыл тұрғындарының үміті енді үзіле бастағандай. 2017 жылдың жазында жаңа су құбыры тартыла бастағанда халық қатты қуанған. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Мердігер мекеме жұмысты жол ортада қалдырды.
Жанар Жантоқова, ауыл тұрғыны:
- Бізге жаңадан құбырлар өткізілген. Бірақ су жоқ. Ескі құбырдан қолданамыз. Ондағы су сап сары. Тамшылап ағады. Аздап-аздап түнде ғана келеді. Міне, көрсеңіздер, елдің бәрі бақшасын тастап кетті. «Су болады, жасаймыз», – дейді. Негізі газеттерге «су бар» деп есеп беріп тастады ғой.
Халықтың әсіресе жазда кенезесі кебеді. Сондықтан кейбір отбасылар 8 шақырым жердегі аудан орталығынан су тасуға мәжбүр.
Жер астынан шығып жатқан жасанды бұлақты бұл ауылдың әр жерінен көруге болады. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары төселген құбыр әбден тозғандықтан одан аққан су далаға жайылып жатыр. Осының кесірінен ауылдың жоғарғы бөлігіндегі, яғни дөңнің үстіндегі отбасылар ауызсудың азабын тартып отыр.
Жаңа су құбырының жобалық құжаты 2014 жылы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бірақ бюджеттен қажетті қаражат тек 2017 жылы бөлінді. Сол жылы 262 млн теңгеге 12 шақырым құбыр тартылып, су мұнарасы мен екі ұңғыма қазылады. Осылайша жұмыстың 70% істеледі. 2014 жылы берілген мемлекеттік сараптаманың мерзімі аяқталғандықтан, қызу жүріп жатқан құбыр құрылысы да тоқтайды.
Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:
- Жобалық-сметалық құжаттың экспертиза уақыты өткеннен кейін жұмыстар тоқтатылып, қайта қарастыруға мәжбүр болдық. Өйткені көптеген мәселе пайда болды. Жобаны іске асыру кезінде жер жұмыстары дұрыс жасалмаған.
Мемлекеттік сараптама қорытындысы шықпай жатып жұмысты бастауға рұқсат бергендері үшін аудандағы осы жобаға жауапты атқамінерлер де өз қателіктерін мойындап отыр. Қазір су құбырының жобалық құжаттары қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтуде. Басталған жұмысты аяқтау үшін бюджеттен қайтадан 62 млн теңге бөлінген. Нақты жұмыс қашан басаталып, ауылға судың нақты қашан берілетінін ешкім дөп басып айта алмайды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин