Елдегі су айдындарынан бірнеше тонна балық өлексесі сүзілді
Бәлкім енді бағасы арзандау балыққа бет бұрған жөн шығар дегенбіз. Алайда оның да көзден бұл-бұл ұшатын түрі бар. Себебі соңғы жылдары елімізде балық жаппай өздігінен жиі қырылатын болып жүр. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе мен Арал өңіріндегі су айдындарынан бірнеше тонна балық өлексесі сүзілді. Су маржандарына қауіп қайдан төнді? Себебі не?
Атырауда Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына қатысы бар күдіктілерге сот процесі басталды. Сот залында «Атырау су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы мен оның орынбасары және су тазарту стансасының басшысы жауап беріп жатыр. Оларға Жайық өзеніне мөлшерден тыс хлорланған су жіберді деген айып тағылған. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзені уланып, салдарынан 120 тоннадан астам балық қырылып қалған еді.
Боранбай Ғалиев, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы:
- Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылып отыр. Егер де сот барысында олардың кінәлері толықтай дәлелденетін болса, екі жылдан жеті жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын болады.
Ал Сәуір айында Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Қабырға өзенінде 400 келіден астам балық ауа жетпей тұншыққан. Мамандардың пікірінше, қыс кезінде өзен-көлдер тиісті дәрежеде оттегімен байытылмайды. Өңірде қазір 8 мыңға жуық су айдыны бар. Ал мұндай шараларды атқаруға жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері жоқ.
Таңат Смайылов, облыстық балық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Судағы ерітілген оттегінің көлемі әр дециметрге 6 мг-дан төмен болмау керек. Қысқы уақытта ақпан айында алғаш рет сараптамаға жібергенбіз, сол кезде ерітілген оттегінің көлемі 5 мг болып тұрған. Оттегі төмен түсіп тұр. Балықтың қырылуына оттегінің болмауы себеп деп тұрмыз. Сондықтан балық мұздың астында қырылып, мұз кеткеннен кейін ол жоғарыға шығуы мүмкін.
Тағы бір дерек СҚО-да тіркелді. 20 тамыз күні Толыбай көлінде жалпы салмағы 185 келі мөңке балығының өлекселері табылды. Комиссияның қорытындысы бойынша, су мен балықтан алынған сынамада пестицид пен тұздың мөлшері артқан. «Салдарынан осындай келеңсіз жәйт тіркелді», – дейді жауаптылар.
Елдар Кәкібаев, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясы бөлімінің бас маманы:
- Ветеринарлық зертханада жүргізілген сараптама мен экологтардың жасаған қорытындысы шықты. Тексеріс барысында пестицид пен тұздың құрамы үш есеге дейін артқандығы белгілі болды. Қазір осы іске қатысты барлық материал облыстық табиғатты қорғау прокуратурасына жіберілді. Енді суға бұл зиянды заттардың қалай түскендігін солар анықтайтын болады.
Балықтың жаппай қырылу дерегі соңғы рет өткен аптада орын алды. Бұл жолы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Тоқпан көлінде 6,5 тонна шабақ қырылып қалды. Олардың 96% табан, қалғаны торта, қылыш, сазан және көксерке болды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Аумағы 5 гектарды құрайтын су айдынын тазалау жұмыстары жалғасуда. Өлген балықтан, судан, ауа, топырақ пен өсімдіктен алынған сынамалар зерттеліп жатыр. Нақты себебін айту үшін жауапты мекемелердің әлі бір аптадай уақыты бар. Дегенмен «Қазгидромет» мекемесі алдын ала зерттеу нәтижесін жариялап үлгерді.
Гүлшат Әміралиева, «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы филиалының зертхана меңгерушісі:
- Талдаулар нәтижесі судағы оттегінің ерітіндісінің ластану дерегі анықталып, дереу тиісті орындарға анықтама жолданды. Нақты цифрларын айта өтетін болсақ, сынамалар 3 нүктеден алынды. Бірінші нүктеде 1,67 мг/дм куб, екінші нүктеде 2,45 мг/дм куб, үшінші нүктеде 2,88 мг/дм кубты құрайды. Қалған сынамалар нәтижесі қазіргі таңда әзірленуде.
Толыбек Әбдіхалықов, Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл көл Қамбаш көлінің бір тармақтары болып есептеледі. Ол арнайы көл немесе су айдындары болып саналмайды. Көлге жаңадан су құйылмауы балықтарға оттегінің жетіспеуінен болып отыр деген алдын-ала зерттеу бар.
Көріп тұрғандай біз тізген деректердің бірқатарында адам факторы бар. Кінәлілер жауапқа тартылар. Шығын өндіріледі. Дегенмен жүздеген тонна балық қырылды, табиғат зиян шекті. Осы ретте өзен-көлдерді оттегімен байыту секілді, табиғат қорғау шараларын көбейту қажет деп есептейміз.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев