Президенттің Қытайға іссапары жөнінде Мәулен Әшімбаев тарқатты
Сапар барысында Президент екіжақты ынтымақтастықты арттыруға арналған жоғары деңгейдегі бірқатар кездесу өткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы жүргізген келіссөздер соңында 10 құжатқа қол қойылды.
Президенттер қол қойған құжатта мемлекет басшыларының «Ортақ мәлімдемесі», «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құрылысындағы ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға, «Зияткерлік меншік құқығын шекара маңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум», «Қытай үкіметінің Қазақстанға суперкомпьютер беру жобасы жөнінде» келісім секілді өзге де құжаттар бар.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына алғашқы мемлекеттік сапары өте нәтижелі, табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Қытай – біз үшін өте маңызды мемлекет. Бүгінгі күні біздегі тауар айналымында Қытай 2-орын алады. Тәуелсіздік жылдарында Қытай – бізге инвестиция алып келген негізгі мемлекеттердің бірі. Біздің Қытаймен 1700 шақырым ортақ шекарамыз бар. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынасымызды дамыта беруіміз керек. Қазіргі таңда Қытайды мемлекеттік серіктес ретінде қарастырамыз. Осындай саясаттың сабақтастығын сақтап қалу, сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге шығару Президент сапарының негізгі мақсаты еді. Сол мақсатқа қол жеткіздік деп айта аламыз. Сапар кезінде ҚР Президенті бірқатар маңызды мәселені Қытай саясаткерлерінің алдында көтерді. Мысалы, Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, Қытай мен Қазақстан компанияларын біріктіріп, IT саласын дамыту, заманауи секторларды бірігіп жұмыс істеу, жасанды интеллект, т.б.
Қытай мен Қазақстан арасында ауыл шаруашылығына байланысты кез келген ақпарат қоғамда «Жер қытайлықтарға сатылады, жалға беріледі» деген секілді әртүрлі алып-қашпа әңгімелер туғызуда. Осының себебін түсіндіріп өтті.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Мұның барлығы қауесет. Бұл сұраққа байланысты Президент мемлекеттің позициясын халыққа жеткізді және нүкте қойды. Қыркүйектің басында жарияланған Жолдауында: «Шетелдіктерге жеріміз сатылмайды, оған жол берілмейді», – деп тайға таңба басқандай Мемлекет басшысы нақты айтты.
Жалпы елімізде Қытай жобаларына қарсы наразылық акциялары ұйымдастырылып тұрады. Онда еліміздегі Қытай зауыттарының жабылуын, Қазақстанның көрші елмен қарым-қатынасын шектеу туралы талап қойылады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат халықтың наразылығын тудырып отыр.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Қазір ақпарат дәуірі. Интернетте, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та ақпарат көп. Сондықтан осындай заманда кез келген ақпаратқа сыни көзбен қарау керек. Ақпараттарды біліп-білмей таратындар да болады. Ел ішіне іріткі салғысы келіп қасақана тарататын топтар сыртта да, іште де жоқ емес. Сондықтан сенімді ақпарат көздеріне сену керек.