Шамалғандағы теміржол өткелі әлі де қауіпті
Теміржол өткелі жергілікті тұрғындар үшін әлі де қауіпті. Қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана қимылдаған жергілікті билік өткел тұсынан көлік жүретін көпір салу жағын ойлап жатыр. Айта кетейік, теміржол өткелінде болған қақтығыстан автобус жүргізушісі тіл тартпай кетті. Көліктен шығып үлгермеген үш жолаушының халі мүшкіл, жансақтау бөлімінде жатыр.
Жол апатынан ауыр халде Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық ауруханаға жеткізілген 5 және 3 жасар қыздар мен олардың анасы дәл қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, анасының сәлде болса беті бері қараған. Ал шеке сүйегі сынып, мидың қабығы жыртылған қыздардың жағдайы әлі де ауыр.
Өмірзақ Ниязбеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі жағдайда ота жасаған қызымыздың жағдайы ауыр. Апаратта комада жатыр. Екінші үш жасар қызымыз ауыр халде, себебі қатты миы шайқалған. Ол да апаратта жатыр.
Оқиға орнында қайтыс болған көлік жүргізушісінің туған туыстарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттер парақшасында көңіл айтты. Апат айтып келмейді. «Дегенмен Шамалған станциясындағы теміржол өткелінің мәселесі бұған дейін бірнеше мәрте айтылғанымен, құзырлы мекемелер қимылдаған жоқ», – дейді ауыл тұрғындары. «Бұл түйткіл қалай шешіледі?» деген сауалға жауап іздеп, аудан әкімдігіне бардық.
Алмасбек Әшімбай, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары:
- Өткен жылы Елтай жақтан салған көпірді білесіздер. Халық онда да арнайы жасалған көпірмен өтпейді. Астымен өтіп кетеді. Қазақстан теміржолы сол мәселеден кейін «толығымен теміржолдың бойын елді мекеннен шыққанға дейін екі жағынан қоршау істеп тастаймыз» деген ұсыныс жасады. Халық ол кезде де көтерілді.
«Алматы облысында осындай қауіпті үш теміржол өткелі болған. Оның біреуі шешілді. Енді «Қазавтожол» және Салық министрлігімен бірлесіп Шамалған мен Байсерке ауылындағы мәселе бойынша жұмыс жүріп жатыр», – дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Масұров, сонымен қатар министрлік өкілдері осы жақта жиналыс ашады. Тұрғындармен кзедеседі. Ең бірінші мәселе – көпір салу. Алматы облысының әкімдігі өз тарапынан мына жолға жақын орналасқан үйлерді мемлекет тарапына қайтарып алу мәселесін қозғайды. Тұрғындармен жұмыс жүргізеді. Жалпы көпір салу мәселесі осы жерде талқыланатын болады.
Ұлбосын Қожабаев, ауыл тұрғыны:
- Қыста ерте қараңғы түседі. Ол кезде 6-дан бастап кептеліс басталады. Жұмысшылар түнгі 10-ға дейін үйіне келе алмайды. Жедел жәрдем шақырсақ, олар да кіре алмайды. Қаскелеңнен бері өте алмаймыз. Шамалғанға көпір керек.
Жандос Айтбайұлы, тілші:
- Жол апаты болған жерде тұрмыз. Шамалған станциясындағы теміржол өткелі. Машиналар әрі бері ағылуда. Жол ашылды. Тіршілік қайта басталды. Бірақ қандай шешім қабылданды, көпір сала ма, жоқ айналма жол салына ма? Оны қазіргі таңда арнайы құрылған республикалық коммисия мүшелері талқылау үстінде. Дегенмен жергілікті жұртшылықтың «өлім өткеліне қандайда бір көпір немесе айналма жол салынса» деген тілектері бар.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев