Қостанайлық ағайындылар қой жүнінен ерекше картиналар жасайды
Жақында Ұлттық музейде олардың жеке көрмесі ашылды.
Ағайындылардың ортаншысы Арланның мамандығы – дизайнер. Оның сыртында Еуропадан бастау алатын панно-аппликация стилінде сурет салумен айналысады. Осы бейнелеу түріне Арланның енгізген тың жаңалығы – матаның орнына қой жүнін пайдалануы.
Арлан Аңқауов, суретші-дизайнер:
- Жүн өте жылы материал болғаннан соң адамға психологиялық тұрғыда жағымды жұғым береді. Жануарларды салғанда жүннен оны кәдімгі тірі қылып көрсетеді.
Бірі сурет салса, бірі жіп иіреді, енді бірі қағаз жұмыстарымен айналысады. Ағайынды төртеу осылай міндеттерді өзара бөліп алған. Кейбір картинаның жиектері иірілген қой жібінен өріліп, қапталады екен.
Бағылан Аңқауов, қолөнер галереясының әкімшісі:
- Бұл «жалпақ өрім» деп аталады. Жалпақ өрім жасап жатқан картинаға ұлттық нақыш береді. Оның үстіне композицияға байланысты түстер таңдалады.
Туа біткен дерттен ағайынды төрт жігіттің қозғалыс-тірек жүйесі әлсіз. Бірақ олар оған мойынсұнып отырған жоқ. «Арлан» деп аталатын картина галереясын ашып, өнерлерін кәсіпкерлікпен ұштастырып отыр. Суреттен тыс түрлі кәдесый, бұйым жасайды.
Сәрсен Аңқауов, экономист-менеджер:
- Қой жүнінен жасалды, өзіміздің технология және бренд бойынша жасаймыз.
Таяуда Қостанайда жұмыс сапарымен болған Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы барып, ағайынды Аңқауовтардың шығармашылығымен танысты. Олардың өнеріне риза болған Үкімет басшысы өз қолымен қос пәтердің кілтін табыс етті.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг