Шамалғанда ауыр жарақат алған балалар Алматыға жеткізілді
«5 және 3 жастағы бүлдіршіндердің жағдайы әлі де ауыр. Екеуі де аппаратпен тыныс алып жатыр. Балаларды аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», – дейді дәрігерлер. Еске салсақ, 15 қыркүйек кешкі сағат 19:08-де Алматы-Шамалған теміржол өткелінде жолаушылар пойызы автобусқа соқтығысқан еді. Оқиға орнында қоғамдық көлік жүргізушісі қаза тауып, үш адам ауыр жарақат алған болатын.
Дінмұхамед Рузуддинов, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
- Үлкен балада бас ми сүйектерінде сынық бар. Ол балаға ота жасалынған. Кішкентай баланың бас миында сынық жоқ, бірақ өте ауыр дәрежедегі бас миының соғылуы деген диагноз қойылды. Балалардың екеуінде де өкпе қуысының соғылуы, іш пердесінің соғылуы деген диагноздар қосарланған. Сондықтан қазір бас миының жарақатына байланысты қажет емнің бәрін қабылдап жатыр.