Маңғыстау облысындағы тас карьерлері заң талаптарын бұзып отыр
«Шаң жұтқан тұрғындар түрлі ауруларға шалдықтық», – деп редакциямызға шағымданды.
Мұндай жарылыс Фарида Сейдалиева мен оның балалары үшін үйреншікті жағдайға айналды. Көпбалалы отбасының үйі тау қопарып, тас жаратын өндіріс ошақтарына жақын орналасқан.
Фарида Сейдалиева, Шетпе ауылының тұрғыны:
- Балалар далада ойнап жүргенде қатты дауыстан үйге қорқып келеді. Кеше күніне екі рет атты. Терезелер сылдырлап, ыдыстар қозғалады. Кәдімгідей жер сілкінгендей болады. Шаңнан көз ашпаймыз, қызымның қолы аллергия болып кетті.
Шетпе ауылының шетінде 30-ға жуық қиыршық тас өндіретін карьер бар. Оның 13-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Өндірісте су қолданбағандықтан, одан ұшқан шаң ауылды басып, тұрғындар лас ауамен тыныстауға мәжбүр. «Көшеде көз ашып жүре алмаймыз», – дейді ауыл белсендісі Серік Тәшекенов.
Серік Тәшекенов, Шетпе селосының тұрғыны:
- Есік-терезені аша алмайтындай жағдайға жеттік. Егер ашсақ, түнде, таңертең еденіміз топырақ болып жатады. Халықтың үштен бір бөлігі аллергия, демікпе болып жатыр. Тұрғындардың жанайқайын ешкім еститін емес.
Тұрғындар бекер шырылдамаған екен. Прокурорлардың талабы бойынша құзырлы орган қызметкерлері тас өндірістеріне тексеру жүргізіп, олардың заңсыз әрекеттерін әшкереледі. Экология департаментінің зертханасы шаңның мөлшерден тыс шығып жатқанын анықтады. Әзірге 4 мекеменің қоршаған ортаға залал келтіргені анықталды. Қалған өндіріс ошақтары тексеріліп жатыр.
Руслан Төкенов, Маңғыстау облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Қазіргі таңда әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Яғни біздің берген экологиялық құжаттарымызды қайтарып алу, сәйкесінше жұмыстарын тоқтату жөнінде шағым дайындап жатырмыз
Тас карьерлері өндірістік қауіпсіздік талаптарын да бұзған.
Мұрат Ыдырысов, облыстық ИИД және Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы:
- Тау жаратын компанияның бірнешеуінде бұл жұмыстарды атқаруға техникалық регламенті болмай шықты. Мұндай заңбұзушылықтар апатқа немесе қайғылы жағдайға әкеліп тіреуі мүмкін. Хаттама толтырылып, 4 мекемеге 240 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Алайда айыппұл салумен туындаған мәселе түбегейлі шешілмейді. Шаңнан құтылу үшін тас уататын техникаларды алысқа көшіру қажет», – дейді аудан әкімі.
Тілек Көшмағанбетов, Маңғыстау ауданының әкімі:
- Біз қазіргі таңда Қызылтұран елді мекенінен 10 карьерге жер, тоғын есептеп шығарып, 100 гектар жерді қарап отырмыз. Егер бізге өздерінің арыздарын, ұсыныстарын түсіретін болса, сол жерді тек өндірістік мақсатқа 3-4 гектардан бөліп беруге мүмкіндігіміз бар. Егер ол өндірістік базаны ұйымдастырып орналастырсақ, 70% Шетпедегі шаңнан құтыламыз.
Өндіріс техникаларын шалғайға көшіруге бір ай уақыт берілді. Құзырлы орган қызметкерлерінің талабы орындалмаса, аудан әкімдігі сотқа жүгінбек.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев