Ертіс өңірінде польшалық инвестор бизнесінен айырылып қала жаздады
Бәсекелестері қорқытып, нарықтан шығарып жібермек болыпты. Заңсыз әрекетке ішкі істер органдары қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды.
Бұл – микросфераны өңдеп, Еуропа елдері мен АҚШ-қа тасымалдайтын жалғыз шетелдік кәсіпорын. Қазіргі уақытта өнімнің кезекті үш мың тоннасы кәрі құрлыққа тасымалдауға әзірленуде. Яцек Педричнің айтуынша, бұл игілікті көре алмаған бәсекелестері жұмысына тосқауыл қоймақшы болған.
Яцек Педрич, инвестор:
- Бейтаныс адамдар келіп: «Зауытыңды алып қоямыз», – деп қорқытты. Кейін маған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымдандым. Құқықтарым қорғалып, енді алаңсыз жұмыс істеп жатырмын.
Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің араласуынан кейін қылмыстық іс тоқтатылып, жалған сөз тасу фактісі жеке өндіріс ретінде тергелуде. Ал бес полиция өкіліне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде тергеуші қызметінен босатылды, өзгелері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ардақ Балғожин, облыстық СЖҚКД басшысының бірінші орынбасары:
- Агенттік өкілдері осы тектес оқиғаға бірінші рет тап болды. Польша азаматының өтінішіне байланысты қорқыту дерегі бойынша іс жан-жақты зерттелді. Қылмыстық істің құрамы жоқ болып шықты. Жыл басынан бері бізге қиындықтарға тап болған 20-дан астам кәсіпкер хабарласты. «Ертіс – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде бизнесті қорғауға баса назар аударылуда.
Бүгінде кәсіпорында 20-дан астам маман еңбек етеді. Жыл басынан бері таза өнімнің 3,5 мың тоннасы шет елдеріне тасымалданған. Қолдаудың арқасында инвестор польшалық серіктесімен бірге кәсіпорынның қуаттылығын арттырмақ.
Владимир Градзель, кәсіпкер:
- Бес жыл бұрын Қазақстанда еңбек ету қиын еді. Әкімшілік кедергілерден бөлек, өзге мәселелер жетіліп артылатын. Алаяқтардан алданған күндеріміз болды. Енді жағдаймыз түзелді. Құқықтарымыз қорғалады.
Алдағы уақытта кәсіпкерлер 4 млрд теңгенің инвестициясын құйып, тұрмыстық химия бұйымдарын өндірмек. Жаңа өндіріс ошағында 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков