Омбыда әскери дәрігерлерге ескерткіш орнату ұсынылды
Қоғам белсенділерінің айтуынша, еңселі ескерткіштің болуы – заңды құбылыс. Себебі сұрапыл соғыс жылдарында Омбы шаһарында эвакуациялық госпитальдер жұмыс істеген. Ондағы ұжым мыңдаған кеңес солдатының жарақатын жазып, туған жерін қорғауға атсалысты.
Соғыс жылдарында Омбы қаласында 45 эвакуациялық госпиталь болды. Ел басына күн туғанда ерлік танытқан ерлердің есімі осындай тас белгілерге қашалып жазылған. Бұл мемориалдық кешенде 200-ден астам жауынгер жатыр.
Александр Лонской, «Звезда» іздестіру отрядының командирі:
- Омбыға еліміздің үздік дәрігерлері тартылды. Ақ желеңділер майданнан оралған азаматтарды емдеді. Ұмыт қалған сарбаздар баршылық. Соңғы 8 жыл ішінде біз 1400-ге жуық солдаттың тізімін жасақтадық. Жаужүрек жандардың қатарында қазақ солдаттары көп болды. Жеңістің 75 жылдығына орай арнайы белгі орнатылу керек.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ұлы Отан соғысы жылдары бұл Омбы қаласының әскери госпиталі №562 эшелонның жаралы жауынгерлерін қабылдады. Сұрапыл соғыс жылдары бұл ғимараттың ішінде 43 мыңнан астам күрделі операция жасалып, 160 мыңға жуық азамат ем алған. Мамандардың мәліметінше, олардың 75% астамы ел қорғауға қайта араласқан.
Соғысқа дейін бұл ғимаратта қалалық емхана мен қазақ педагогикалық училищесі орналасқан. Кейін госпиталь ретінде жасақталды. Бүгінде 600-ге жуық тыл еңбеккері мен соғыс ардагері тұрақты ем қабылдайды. Омбы жері мен соғыстың ұмытылмас тарихы туралы мына шағын музей сыр шертеді.
Валентина Окунова, соғыс ардагерлеріне арналған госпитальдің бас медбикесі:
- Музей қорында ем қабылдаған батырларымыздың естеліктері жинақталған. Олардың қатарында әртістер, суретшілер, жазушылар көп болды. Тарихи тұлғалардың қатарында қазақ жазушысы Кемел Тоқаев та болды. Жас сержант ауыр жарақатын емдеді. Бәлкім дәл осы бөлмеде ем қабылдады.
Ескерткіш орнату бастамасын қоғамдық ұйым өкілдері көтерді. Болашақта менмұңдалап тұруы тиіс белгінің макеті де дайын.
Махаббат Коптуров, Шоқан Уәлиханов атындағы қоғамдық ұйымның басқарма төрағасы:
- Бұл композицияда медбике қолында қаруы бар сарбазды майдан даласынан алып келе жатқаны көрініс табады. Ал жанында хирург операция жасауға даярлық үстінде.
Белсенділердің айтуынша, ескерткіш тарихи орынның маңында орнатылуы керек. «Оны жасауға қазақстандықтар тарапынан қолдау болса нұр үстіне нұр», – дейді олар. Ұсыныс жүзеге асса, ескерткішке «Мейірім» деген атау беріледі.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков