Ақтөбе студенттеріне экскурсия ұйымдастырылды
Өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандары қоғамның құрт ауруына айналған дертті өскелең ұрпақтың жеңетініне сенімді. Бұл мақсатта балабақшадан бастап барлық білім беру мекемесінде кең ауқымды шаралар өткізілуде. Кезекті кездесу департаменттің ғимаратында өтті. Жастарға ашық есік күні ұйымдастырылып, көз қысты, бармақ басты әрекеттермен күрестің әдіс-тәсілдері таныстырылды.
Студенттер үшін ұйымдастырылған экскурсия тергеу бөлмесінен басталды. Күдікті ретінде жеткізілген азаматтан дәл осы жерде алғашқы анықтама алынады. Түрлі оқыс оқиғаны болдырмау үшін жиһаздар мен компьютер техникасы қозғалмайтындай етіп бекітілген. Жалпы «Ашық есік» күнін ұйымдастыру құзырлы орган мен жоғары оқу орны арасындағы қарым қатынасты нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың бірі.
Абылайхан Айдарбек, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті:
- Біздің Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінде арнайы осы «Парасаттылық мектебі» ашылды. Соған байланысты алғашқы тыңдаушылары ретінде бізге бірінші рет тренинг өткізілді. Одан кейін бұл экскурсия қылмыскерлердің қандай жаза тартатыны, олардың психикасына қалай әсер ететіні айтылды.
Бұл кездесуге бірінші кезекте болашақ заңгерлер қызығушылық білдірген. Олар мемлекеттік қызметтің құқық қорғау саласына бет бұруды ойлайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен тығыз байланыс орнатқан.
Нұрболат Махмутов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы:
- Былтыр жүргізген сауалнама бойынша, ЖОО-да бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған болатын. Биыл жүргізген сауалнаманың қорытындысына сәйкес, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерінің азайғандығын көрсетті. Яғни сана сезімі ұлғайып келе жатыр деген сөз.
Көз қысты, бармақ басты әрекеттердің алдын алуға экскурсияға қатысқан студенттер де серт берді. Бұл жоспар жүзеге асса, құзырлы орган өкілдеріне айтарлықтай көмек болмақ. Себебі білім беру саласы әзірге сыбайлас жемқорлыққа белшеден батқан құрылымдар тізімінде үшінші орынға жайғасқан.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков