Елімізде онкологиялық ауруға шалдыққан жандардың қатары азаймай тұр
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4% көп. Ал Шымкенттегі науқастар өмір сүрулеріне ең қажетті дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр.
Семейлік Любовь Латушко осыдан 3 жыл бұрын ядролық медицина және онкология орталығының табалдырығын алғаш аттапты. Денсаулығы сыр бере бастаған соң, білікті дәрігерлерге қаралады. Обыр дерті анықталысымен дереу операция жасалып, кешенді емдеу шаралары қолға алынған. Семейдегі радиациялық медицина және онкология орталығы 615 мың халыққа қызмет көрсетіп отыр. Жыл сайын мұнда 1500 адамнан обыр дерті анықталады екен.
Любовь Латушко, Семей қаласының тұрғыны:
- Ең бастысы қорықпау керек, күш жігеріңді жинап өмір үшін күресу қажет. Міне үшінші жыл емделіп жүрмін. Нәтиже жаман емес, тәуірмін. Тұрғындарға айтарым, тексеріліп тұрған жөн. Неғұрлым ерте анықтаса, соғырлұм жеңіл болмақ.
Бір ғана Ақмола облысының өзінде 9 мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Мамандар науқастардың көбеюін ауруды анықтаудың дамуымен байланыстырады. Көкшетауда қазір күніне 150 науқасты қабылдайтын жаңа онкологиялық орталық салынып жатыр. Оған ел қазынасынан 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нысан келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Майя Әбдрахманова, облыстық аурухана директорының орынбасары:
- Жаңа емханада компьютерлік магнитті-резонансты томография секілді тың технологиялар, одан бөлек сынама алатын орындар мен зертханалардың түр-түрі болады. Мұның барлығы аталған ауруды ертерек анықтап, оны дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.
Ал Шымкенттегі қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастар өмір сүрулеріне ең қажетті дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Онкологиялық ауруханада дәрінің 8 түрі жеткіліксіз. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасындағылар препарат жетіспеушілігін науқастар санының артуымен байланыстырады. Мәселен, өткен жылы шаһардың 787 тұрғынынан қатерлі ісік ауруы анықталса, биыл 864 науқасқа осындай диагноз қойылған. Енді Шымкентке қажетті дәрі-дәрмектер ШҚО мен Нұр-Сұлтан қаласынан жеткізіле бастайды.
Асхан Байдувалиев, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Жылдан жылға скринингтің арқасында жаңа топ, жаңа адамдар анықталып жатыр. Барлығына бірден жылдың басында жоспарлау мүмкін емес. Мысалы 50-60 науқасқа жоспарлаған дәрі-дәрмектер осы жылдың аяғына дейін саны 80-ге дейін жетеді. Сонда 30-35 адам артық болады.
Ақтөбе облысында обырды емдеуге арналған химиялық препараттармен қатар, дәрігер тапшы. Ең үлкен мәселе онкологиялық дертке шалдыққан балаларды емдеуге қатысты болып тұр. Аймақта диагностика жасалып, сырқат түрі анықталғанымен, науқастар арнайы квотамен Алматы мен елордаға бағытталуда. Дегенмен мамандар мұның уақытша құбылыс екенін айтады. Өйткені келер жылы еліміздің батысындағы ең үлкен қалада онкогемотологиялық орталық ашу көзделіп отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Болат Көкенай, Дамир Шайдаров, Нұрбек Байбосын