Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды
Мерейтой иесін Елбасы мен Президент құттықтап, жеделхаттар жолдады. Қазақ әдебиетінің асқаралы биігі, ұлттық прозаны әлемдік деңгейге көтерген жазушы бүгінде ұлт руханиятының абыз ақсақалына айналды. «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы – күллі әдебиетіміздің табысы.
Халық үшін жазған тұлғалардың бірегейі – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Қазақ әдебиетінің асқаралы биігі, ұлттық прозаны әлемдік деңгейге шығарған дара жазушы. «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы – ағамыздың ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы.
Адам тағдырын алапат төңкеріспен астастырған жазушының көркемдік көкжиегі Еуропа қаламгерлерін де қайран қалдырады. Трилогияда құты қашқан тірліктен жоғын іздеп, «тас басып, теңіз кешкен» қиюсыз тағдырмен тұтас тарихи кезеңді бейнелейді. 25 жасында жазған «Курляндиясын» да қазақтың шұрайлы, құнарлы тілімен ержүректікті суреттеді.
Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Жазушылар одағы филиалының директоры:
- КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған: Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов. Әбдіжәміл ағамыз 95 жасқа келді. Жоғарғы кеңестің депутаты болған, 2000 жылдан бері «Жұлдыз» журналын басқарды. «Таңшолпан» деген тамаша журналды әлі күнге шығарып келе жатқан еңбегін де атап өту керек.
Бұл еңбектері өз алдына. Әдебиетші Әбдіжәміл Нұрпейісов бар өмірін Арал проблемасына арнап келеді.
Оңайгүл Тұржан, ақын, филология ғылымдарының кандидаты:
- Әбдіжәміл Нұрпейісов дегенде бізге Арал елестейді. Табиғат жоқ болып кетсе, адам ары қарай өмір сүре береді дегенге ешкім де сенгісі келмейді. Соны Әбдіжәміл Нұрпейісов – өзінің философиялық терең толғамдарымен жеткізген ұлы ғұламалардың бірі.
Алматы төрінде суреткер-қаламгердің құрметіне шығармашылық кеш өтті. Мемлекеттік хатшы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Құрметті, Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Көзі тірі классик, сөз өнерінің сардары, көрнекті қаламгер және қоғам қайраткері ретінде Сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде дамуына сүбелі үлесіңізді қостыңыз.
95 жастағы әлемді мойындатқан қаламгер, қазақ әдебиетінің абызы еліне алғысын білдірді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның халық жазушысы
- Жазарымды жазып, оны басқызып жатырмын. Содан кейін көпшілік қалай қабылдар екен деп, бір қиналып күтетін күндерім болатын. Әйтеуір жазған кітабым сөреде жатқан жоқ.
Елордада да белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар «Әбдіжәміл Нұрпейісов әлемі»: Шеберлік феномені» деген тақырыпты арқау етіп конференция өткізді.
Қайрат Сақ, алаштанушы, профессор:
- Оқып отырғанда «Адам су үшін жаралған ба, су адам үшін жаралған ба?» деген философиялық үлкен сауал қояды да, соған өзіндік жауап іздейді.
Әлемдік деңгейдегі әйгілі жазушы туындыларында өмірді пәлсапалық тұрғыда терең жеткізетін жазушыны бүкіл ел құрметтейді.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов