Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан халқының 70,3% қолдайды
Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама қорытындысы осындай. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2 мыңға жуық адам қатысқан.
Қоғам жаңа Президенттен жаңашылдықты күтетіні заңдылық. Өйткені халық арасында да, халықаралық қатынаста да Президент билігін мойындату қажырлы еңбекті, нақты нәтижені талап етеді. Оны таразылайтын да, бағалайтын да бұқара.
Сауалнама 14 облыс орталығында және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен ауылды аймақтарында жүргізілді.
Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан халқының 70,3% қолдайды. Ал тұрғындардың 74,9% Президентке сенеді және 70% астамы Мемлекет басшысының бастамалары халықтың әл-ауқатын жақсартуға, елді дамытуға қауқарлы деп санайды.
Саясат сахнасына келген кез келген тұлға қоғамның қарама-қайшылығымен күресіп бастайтыны анық. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік қызметке келісімін, өзінің алғашқы Жарлықтарының бірін халықтың қарызын кешіруге арнап шығарды. Одан кейінгі зорлық-зомбылыққа жол бергендердің жазасын күшейту, зейнетақы қорында пайдаланылмай жатқан активтерді жұрт кәдесіне жарату жайлы бастама көтерді. Сауалнама нәтижесі осы бастамалардың көптің көңілінен шыққан іс болғанын көрсетеді.
Евгения Руднева, Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі:
- Әсіресе Президенттің жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы мәлімдемесі халық тарапынан өте жоғары қолдауға ие болыпты. Қаншама жылдан бері мазалаған бұл сауалдың жауабын Президенттің өз аузынан естіген соң, халықта кәдімгідей сенім пайда болғанын байқадық.
Жалпақ жұрттың «жатқа жұтылып кетеміз» деген байбаламына байыппен тіл қатқан Президент сол жұрттың басына бұлт үйірілгенде де қарап қалмады. Тосыннан келген Арыстағы апатқа түнқатып барып, ағайынға үн қатқан болатын. Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арысқа формальды Президент болып барып, Арыстан елдің лидері болуға лайықты саясатшы болып қайтқанын айтады.
Мемлекет басшысы уәждің емес, уәденің адамы екенін айналасына бірнеше мәрте ескертті. Сондықтан халық Президенттің Жолдауда жүктеген міндеті мінсіз жүзеге асса, әлі талай түйткілдің түйіні шешіледі деп үміттенеді. Өйткені реформа тек реформа үшін жасалмауы тиіс.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Нұрғали Мамырбаев