Новак Джокович пен Рафаэль Надаль жолдастық кездесу өткізеді
Журналистердің сауалдарына жауап берген спортшылар алдағы ойын жайындағы ойларын ортаға салды.
Новак Джокович пен Рафаэль Надаль. Әлемнің бірінші және екінші ракеткалары. Бұл – біздің елде бұрын-соңды болмаған көрініс. Тіпті ТМД төңірегінде бұл жігіттер бұған дейін кордқа бірге шыққан емес. Енді міне елорда тұрғындары мен қонақтары дәл осы тарихи оқиғаның куәсі болмақ.
Рафаэль Надаль, әлемнің екінші ракеткасы:
- Бұл біздің 55-ші кездесуіміз болмақ және оның сіздердің елдеріңізде өтетіне қуаныштымын. Новак өте мықты қарсылас. Біз алаң сыртында дос болғанымызбен ойын барысында бір-бірімізді ұтуға барымызды саламыз. Әдетте ол кездесулер 4-5 сағатқа дейін созылатын. Бірақ бұл кездесудің дәл солай ұзаққа созылғанын қаламас едім.
Қос мықты бұған дейін 54 рет кездесіп, кім мықтыны анықтаған. Оның 28-ойынында сербиялық теннисші жеңіске жетсе, қалған 26 ойында испан жігіті жеңімпаз деп танылған. Қазақстан теннис федерациясының арнайы шақыртуымен келген спортшылар жолдастық кездесу өткізіп қана қоймай, елордадағы теннис орталығының ашылуына да қатысты.
Новак Джокович, әлемнің бірінші ракеткасы:
- Қазақстанда тенниспен айналысатын балалардың саны жыл санап артып келе жатқанынан хабардармын. Біздің осындай кездесулер өткізудегі мақсатымыз да сол. Өз өнеріміз арқылы өскелең ұрпақтың тенниске деген қызығушылығын арттыру. Бұл – менің сіздердің елдеріңізге жасаған алғашқы сапарым. Қаланың көркі мен қонақжайлылығы маған өте ұнады. Енді біз де жанкүйерлерге ұнамды ойын көрсету үшін барымызды салуымыз керек.
Әлем мойындаған жігіттердің кездесуін тамашалауға жанкүйерлер еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдерден де келген. Ал билеттен түскен қаражаттың барлығы еліміздегі теннис орталығының өркендеуіне жұмсалмақ.
Авторы: Айбек Қабылша